Салауатты тамақтану орындарының желісін дамыту мәселелері талқыланды

    1 / 2
    Мектеп асханалары, кафелер, бистролар мен дүкендер салауатты тамақтану мәдениетін қалыптастырудың маңызды алаңдарына айналуы мүмкін. Осындай нысандар желісін кеңейту және дұрыс тамақтану қағидаттарын ілгерілету бағытында мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылы мәселелері Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының базасында ұйымдастырған дөңгелек үстел-семинарда талқыланды.
    Іс-шараға «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен оның филиалдарының, Ақмола облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп, білім басқармаларының өкілдері, қоғамдық тамақтандыру саласындағы кәсіпкерлер, сондай-ақ Департаменттің аумақтық бөлімшелерінің мамандары қатысты.
    Кездесудің негізгі тақырыбы салауатты тамақтану қағидаттарына бағдарланған кәсіпорындар желісін дамыту болды. Қатысушылар «Салауатты асханалар», «Салауатты кафетерийлер», «Салауатты бистро» және «Салауатты дүкендер» сияқты форматтарды енгізу мүмкіндіктерін қарастырды.
    Департамент басшысының орынбасары Сәуле Садвакасова салауатты тамақтануға арналған қолжетімді инфрақұрылымды дамытуда мемлекеттік органдар мен бизнестің өзара іс-қимылы маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, пайдалы тағамдар мен өнімдерді таңдауға қолайлы жағдай жасау халық арасында дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастырудың басым бағыттарының бірі болуы тиіс.
    Бұл тек пайдалы тағамдар мен өнімдердің ассортиментін кеңейтумен шектелмейді. Сонымен қатар салауатты тамақтану халық үшін қолжетімді әрі күнделікті өмірде қалыпты дағдыға айналатындай жағдай жасау да маңызды.
    Қатысушылар мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдарда тамақтануды ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Толыққанды әрі теңгерімді тамақтану балалардың өмірінде маңызды рөл атқарады: ол ағзаны қажетті қоректік заттармен қамтамасыз етіп, қалыпты өсуі мен дамуына ықпал етеді. Бұдан бөлек, адамның болашақтағы өмір салтын айқындайтын тамақтану әдеттері дәл балалық шақта қалыптасады.
    Семинар барысында салауатты тамақтану орындарын дамыту перспективалары мен тиісті бастамаларды іске асырудың практикалық тәсілдері де қарастырылды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті" жаңалықтары