Бетке арналған крем, сусабын, кірпікке арналған тушь немесе сүйікті иіссу – косметикалық өнімдер әр үйде дерлік бар. Алайда біз қаптамадағы ақпаратты әрдайым оқи береміз бе. Көбінесе сатып алушылар өнімді таңдағанда оның брендіне, иісіне және сыртқы көрінісіне назар аударып, ең маңыздысы – құрамына, жарамдылық мерзіміне және қолдану ережелеріне мән бермей жатады.
Дұрыс таңдалған косметика тері күтіміне көмектеседі, ал теріге сәйкес келмейтін құрал тітіркенуді, аллергиялық реакцияны және басқа да жағымсыз әсерлерді тудыруы мүмкін. Сондықтан косметикалық өнімді сатып алмас бұрын оның таңбалануын мұқият зерделеу маңызды.
ТР ТС 009/2011 техникалық регламентіне сәйкес, косметикалық өнімнің қаптамасында өнімнің атауы мен мақсаты, өндіруші туралы мәліметтер, құрамы, массасы немесе көлемі, жарамдылық мерзімі, партия нөмірі және қолдану ережелері көрсетілуі тиіс. Өнімнің кейбір түрлеріне, соның ішінде балалар косметикасына қосымша талаптар қойылады. Егер таңбалау болмаса, оқуға қиын болса немесе күмән тудырса, мұндай өнімді сатып алудан бас тартқан жөн.
Косметиканың құрамына да ерекше назар аудару қажет. Әдетте ингредиенттер өнім құрамындағы мөлшерінің азаю ретімен көрсетіледі. Үлесі 1%-дан аз компоненттер мөлшері жоғары ингредиенттерден кейін кез келген ретпен жазылуы мүмкін. Терісі сезімтал және аллергияға бейім адамдар жеке аллергиялық реакция тудыруы мүмкін компоненттерге мұқият болғаны дұрыс.
Сатып алмас бұрын өнімнің жарамдылық мерзімін және қаптамасының бүтіндігін міндетті түрде тексеріңіз. Егер косметиканың түсі, иісі немесе консистенциясы өзгерсе, оны пайдаланбаңыз. Өндірушінің ұсынымдарын сақтап, заттаңбадағы ескертулерді ескеріңіз және өнімді сенімді сауда орындарынан сатып алыңыз.
Есіңізде болсын заттаңбадағы ақпаратты мұқият оқу қажеттіліктеріңізге сай косметиканы таңдауға және жағымсыз реакциялардың туындау қаупін азайтуға көмектеседі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









