Ақмола облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Серік Омарханов брифинг барысында вакцинация, қызылша мен көкжөтел бойынша эпидемиологиялық жағдай, сондай-ақ тұмау мен ЖРВИ алдын алу шаралары туралы айтып берді.

    2026 жылдың 9 айында облыста көкжөтелдің 18 жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп. Ауырғандардың барлығы – балалар, оның жетеуі бір жасқа толмаған. Сонымен қатар 15 бала (83,3%) екпе алмаған. Көп жағдайда вакцинациядан бас тартудың басты себебі ата-аналардың екпеден бас тартуы болған.
    Сонымен бірге қызылша ауруының тіркелу көрсеткіші төмендеген. Ағымдағы жылдың 9 айында 182 жағдай тіркелсе, өткен жылдың осы кезеңінде 225 жағдай анықталған. Төмендеу 19,1% құрады. Көптеген жағдайда аурудың туындауына вакцинацияның болмауы себеп болған.
    Бұл деректер уақтылы иммундау мен профилактикалық екпелердің Ұлттық күнтізбесін сақтаудың маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетеді. Әсіресе жасына байланысты вакцинацияның толық курсын алып үлгермеген кішкентай балаларды қорғауға ерекше назар аудару қажет.
    Сондай-ақ брифинг барысында Серік Омарханов ЖРВИ мен тұмаудың маусымдық сырқаттанушылығы туралы мәліметтерді жариялады. 2026–2027 жылдардағы эпидемиялық маусым басталғалы өңірде ЖРВИ-дің 15196 жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,2 есе көп. Былтыр осы уақытта 12482 жағдай тіркелген болатын. Ауырғандардың басым бөлігі – 14 жасқа дейінгі балалар.
    Сонымен қатар 42-аптада сырқаттанушылық деңгейінің төмендегені байқалды. Егер алдыңғы аптада ЖРВИ-дің 5443 жағдайы тіркелсе, соңғы аптада бұл көрсеткіш 4211 құрады. Облыста эпидемиологиялық шекті деңгейден асу тіркелген жоқ.
    Өңірде тұмауға қарсы вакцинация науқаны жалғасуда. Бүгінгі таңда 35 мыңнан астам тұрғын екпе алған. Бұл жоспарланған көрсеткіштің 53% құрайды.
    Брифинг соңында облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері уақтылы вакцинациялау және профилактикалық шараларды сақтау халықты жұқпалы аурулардан қорғаудың негізгі шарттары болып қала беретінін атап өтті.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті" жаңалықтары