Жезқазған қаласында облыстық көпбейінді аурухананың 100 төсек-орынға арналған жаңа онкологиялық корпусы салынады. Бұл туралы Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың денсаулық сақтау жүйесін дамыту және жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылатын жоба өңір тұрғындары үшін мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Бүгін облыс әкімі Есет Байкен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен бірге болашақ онкологиялық корпустың құрылысы басталатын жерде капсула салу рәсіміне қатысты.
«Бұл – облысымыз үшін маңызды жоба. Оның жүзеге асырылуы мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Біздің басты міндетіміз – өңір тұрғындарының облыстан тыс жерлерге шықпай-ақ сапалы диагностикадан өтіп, қажетті ем алуына жағдай жасау», – деп жазды өңір басшысы.
Жаңа онкологиялық корпус 100 стационарлық төсек-орынға есептелген. Сонымен қатар жоба аясында бір ауысымда 250 пациентті қабылдауға арналған клиникалық-диагностикалық орталық салу көзделген.
Жаңа корпуста онкохирургия, химиотерапия, сәулелік терапия, гинекология және паллиативтік көмек бөлімшелері орналасады. Медициналық мекеме заманауи құрал-жабдықтармен, оның ішінде сәулелік терапияға арналған сызықтық үдеткішпен жабдықталады.
Облыс әкімінің сөзінше, медициналық инфрақұрылымды дамыту және медициналық қызметтердің сапасын арттыру өңірдегі басым бағыттардың бірі болып қала береді.
«Жаңа онкологиялық корпустың салынуы өңірдің денсаулық сақтау жүйесін нығайту жолындағы маңызды қадам болмақ. Ұлытау облысының тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету үшін қажетті жағдайлар жасау бағытындағы жұмысты алдағы уақытта да жалғастырамыз», – деп атап өтті Есет Байкен.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









