Аддис-Абеба, 2026 жылғы 4 қараша– Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі, ҚР Африка одағы жанындағы Тұрақты өкілі Жалғас Әділбаев ЭФДР Парламенті Халық өкілдері палатасының Спикері Ахмед Шидемен кездесу өткізу.
Кездесу барысында тараптар парламентаралық ынтымақтастық пен парламентаралық дипломатияны нығайту тетіктерін, сондай-ақ екі елдің арасындағы екіжақты сауда-экономикалық, инвестициялық мүмкіндіктерін дамыту перспективаларын талқылады.
Елші Спикерді Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар туралы хабардар етті. Елдің мемлекеттік құрылысындағы өзгерістерге, оның ішінде конституциялық реформаға және парламентаризмнің жаңа моделіне көшуге – Қазақстан Республикасының бір палаталы Парламенті–Құрылтайдың құрылғанына ерекше назар аударылды.
Әңгіме барысында бұл қадам қоғамды одан әрі демократияландыруға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттарын нығайтуға және азаматтардың маңызды шешімдерді қабылдауға қатысуын кеңейтуге бағытталғаны атап өтілді.
Парламент Спикері Қазақстандағы парламентаризмді дамыту тәжірибесін, әсіресе саяси жүйе реформаларын жүргізу және заң шығарушы органның рөлін күшейту шеңберінде зерттеуге қызығушылық білдірді.
А.Шиде сондай-ақ екіжақты диалогты қолдауға дайын екенін жеткізіп, сауда-экономикалық, инвестициялық салалардағы ынтымақтастықты дамытудың, халықаралық ұйымдар аясындағы серіктестікті кеңейтудің үлкен перспективаларын атап өтті.
Әңгіме соңында Елші сұхбаттасушысына ҚР Президентінің Жолдауының мәтінін табыс етіп, бұл Жолдаудың ел тәуелсіздігінің 35 жылдығы жылы жарияланғандықтан символдық мәні де бар екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға және өзара мүдделі салалардағы екіжақты өзара іс-қимылды нығайтуға жәрдемдесуге уағдаласты.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









