Алматы, 2026 жылғы 4 қараша — Бүгін Алматы қаласында Төтенше жағдайлар және табиғи апаттардың қауіп-қатерін азайту орталығы базасында Орталық Азия үшін табиғи апаттардың қауіп-қатерін төмендету және тұрақтылықты арттыру жөніндегі өңірлік семинар өтті.
Іс-шараны «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігі Төтенше жағдайлар және табиғи апаттардың қауіп-қатерін төмендету орталығымен (ТЖТАҚТО) және Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігімен (JICA) бірлесіп ұйымдастырды.
Семинар нақты деректерге негізделген апаттар қаупін азайту бойынша тәжірибе мен білім алмасуға, дәлелді база негізінде шешімдер қабылдауға көмектесуге және аса қажет инфрақұрылымды қорғау саласындағы біліммен бөлісуге арналған тиімді диалог алаңына айналды. Негізгі сарапшылар мен баяндамашылар ретінде JICA аға кеңесшісі, профессор Сатору Нишикава мен белгілі қазақстандық ғалым, техника ғылымдарының кандидаты Владимир Лапин сөз сөйледі.
«KazAID» Басқарма Төрағасы Нұрғали Арыстанов қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде өңірдің жоғары сейсмикалық белсенділікпен және қарқынды су тасқындарымен жиі ұшырасатынын атап өтті. Ол өңір елдерін тұрақты тіршілік әрекетін қамтамасыз ету үшін ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және күш-жігерді біріктіруге шақырды.
Сондай-ақ, ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Әсет Жылқайдаров құттықтау сөз сөйлеп, ұсынылған тәсілдер мен практикалық мысалдар Қазақстан мен Орталық Азия елдеріндегі тәуекелдерді басқару жүйелерін одан әрі жетілдіруге пайдалы болатынын баса айтты.
Өз кезегінде ТЖТАҚТО директорының орынбасары Нұрлан Бекбосынов Орталық Азия елдері үшін Жапонияның тәжірибесі үлкен қызығушылық тудыратынын, өйткені бұл ғылыми зерттеулер нәтижелері мен практикалық тәжірибені апаттардың алдын алу және тәуекелдерді азайту саясатын жетілдіруге қалай пайдалануға болатынын қарастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









