Қазақстан мен CERN ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейтуде

    1 / 4

    Женева, 2026 жылғы 4 қараша – Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Ядролық зерттеулер жөніндегі Еуропалық ұйымға (CERN) сапары барысында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен CERN арасындағы 2018 жылғы 29 маусымдағы халықаралық ынтымақтастық туралы келісімнің хаттамасына қол қойылды.

    Қазақстан Республикасының Женева қаласындағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігінің қолдауымен министр CERN-нің сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Урсула Басслермен келіссөздер жүргізді. Тараптар ядролық физика, жоғары энергиялар физикасы және іргелі зерттеулер салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ қазақстандық ғалымдардың халықаралық ғылыми жобаларға қатысуын кеңейту перспективаларын талқылады.

    Хаттама қолданыстағы келісімді іске асырудың практикалық тетіктерін дамытуға және қазақстандық ғылыми ұйымдар мен мамандардың CERN зерттеу бағдарламаларына қатысуына қосымша мүмкіндіктер жасауға бағытталған. Бірлескен зерттеулер жүргізу, ғылыми кадрлар даярлау және озық технологиялар саласында тәжірибе алмасу перспективаларына ерекше назар аударылды.

    Сапар барысында министр Ядролық физика институтының CERN-де жұмыс істейтін және халықаралық эксперименттік коллаборацияларға қатысатын қазақстандық ғылыми қызметкерлерімен де кездесті. Кездесуде олардың ғылыми жұмыстарының нәтижелері, жинақтаған тәжірибесі және отандық мамандардың халықаралық зерттеулерге одан әрі қатысу перспективалары талқыланды.
    Қазақстан мен CERN арасындағы ынтымақтастық дәйекті түрде дамып келеді. Атап айтқанда, 2026 жылғы қазанда Қазақстанның Ядролық физика институты мен CERN DRD1 халықаралық зерттеу коллаборациясы шеңберінде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Аталған коллаборация заманауи детекторлық технологияларды дамытуға бағытталған.

    Сапар мен хаттамаға қол қою Қазақстан мен CERN арасындағы ғылыми-техникалық әріптестікті нығайту жолындағы кезекті қадам болды. Бұл отандық ғылымның әлеуетін арттыруға, жоғары білікті мамандар даярлауға және еліміздің озық халықаралық зерттеулерге қатысуына қосымша мүмкіндіктер ашады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Женева қаласындағы Қазақстан Республикасының БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігі" жаңалықтары