Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы медициналық-санитарлық көмек және аудандық деңгейдегі денсаулық сақтау қызметкерлерінің жалақысын арттыру туралы шешіміне зор қолдау білдірді.
ДДҰ басшысы әлеуметтік желідегі жазбасында: «Мен Президент Тоқаевтың Қазақстандағы 77 мың медицина қызметкерінің жалақысын арттыру жөніндегі бастамасын және халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын мемлекеттік саясаттың басты басымдығы ретінде ұстануын жоғары бағалаймын», – деп атап өтті.
Тедрос Адханом Гебрейесустың айтуынша, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуға және медицина қызметкерлерін қолдауға инвестиция салу арқылы Қазақстан саяси ерік-жігер мен көшбасшылықтың баршаға қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсетуді жақсартуға қалай ықпал ете алатынын көрсетіп отыр.
Біз үшін бұл тек жалақы мәселесі емес. Бұл көбіне пациенттермен алғашқы болып байланыс орнататын, емдеу барысында медициналық көмектің үздіксіздігін қамтамасыз ететін, ауруларды ерте анықтауға және қоғамдық денсаулықты қорғауға үлес қосатын алғашқы медициналық-санитарлық көмек мамандарының маңызды рөлін мойындау болып табылады.
Осыдан 50 жылға жуық уақыт бұрын Қазақстанда Алматы конференциясы өтіп, онда «Баршаға денсаулық» жаһандық тұжырымдамасының негізін қалаған Алматы декларациясы қабылданды. Бүгінде, 2028 жылы оның 50 жылдығына жақындай отырып, еліміз сол кезде белгіленген қағидаттарды нақты шешімдер мен практикалық іс-қимылдар арқылы дәйекті түрде ілгерілетіп келеді.
Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде жүргізіліп жатқан өзгерістерге назар аударғаны және еліміздің алғашқы медициналық-санитарлық көмекті нығайту жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалағаны үшін доктор Тедрос Адханом Гебрейесусқа алғысымды білдіремін.









