Алматыда әлемге әйгілі режиссер Стефано Пода қойған «Тоска» операсының премьерасы өтіп жатыр

    1 / 12

    Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында әлемге әйгілі италиялық режиссер Стефано Пода қойған Джакомо Пуччинидің «Тоска» операсының премьералық көрсетілімі өтіп жатыр.

    Қойылымдарды Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, дипломатиялық корпус пен зиялы қауым өкілдері тамашалады.

    Италияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Антонелло Де Риу премьераға жиналған жұртшылыққа ізгі тілегін білдіріп, екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықтың маңызына тоқталды.

    «Италияның опера өнері заманмен бірге дамып келеді. Билік, еркіндік, адамның ар-намысы мен қадір-қасиеті бүгінгі қойылымдарға да арқау болып отыр. Сондықтан операға тек өткеннің мұрасы деп қарауға болмайды. Италия мен Қазақстан осы өнерді өркендету жолында бірлесе еңбек етуге ниетті», – деді елші.

    Бір ай бұрын Астанада Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Стефано Подамен кездескен болатын. Тараптар мәдени ынтымақтастықты дамыту және бірлескен шығармашылық жобаларды қолға алу жөнінде пікір алмасты.

    Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының тарихында алғаш рет Туриндегі Корольдік Реджо театрымен шығармашылық әріптестік аясында осындай ауқымды халықаралық жоба әзірленді. Реджо – 1740 жылы негізі қаланған, Еуропадағы ең көне опера театрларының бірі. Бұған дейін Италиядағы Реджо және Ресейдің Үлкен театры сахналарында көрсетілген туындының жаңаша сахналық нұсқасын енді қазақстандық көрермен тамашалады.

    Стефано Пода режиссер ғана емес, хореограф, сценограф, костюм және жарық суретшісі қызметтерін қатар атқарды. Оның авторлық тұжырымында музыка, сахнадағы қимыл және заманауи технологиялар біртұтас көркемдік шешімде үйлесім тапқан. Қойылымда 3D-проекциялар мен арнайы Туринде әзірленген үш мыңнан астам элементтен тұратын костюмдер пайдаланылды.

    Басты партияларды Абай атындағы опера және балет театрының солисі Евгения Смольянина (Флория Тоска), Нұржан Бажекенов пен Балуан Беркенов (Марио Каварадосси), сондай-ақ Әзербайжанның халық әртісі, Ресейдің Үлкен театрының солисі Эльчин Азизов (барон Скарпиа) орындады.

    Қоюшы дирижер – Нұржан Байбусинов, бас хормейстер – Әлия Темірбекова.

    Джакомо Пуччини «Тоска» операсын Викторьен Сардудың драмасы негізінде Луиджи Иллика мен Джузеппе Джакоза жазған либреттоға шығарған. Оқиға 1800 жылғы Римдегі саяси оқиғалар төңірегінде өрбиді. Туындыда қасіретке ұласқан махаббат, сатқындық секілді тақырыптар қозғалады.

    Алғаш рет 1900 жылы Римде сахналанған «Тоска» әлемдік музыка өнерінің алтын қорына енген. Жаңа қойылым операның тарихын Қазақстан сахнасындағы жалғастырды.

    ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі" жаңалықтары