Ұлттар сарайында қазақстандық қызғалдақтарды сыйға тарту рәсімі мен Абай бюстінің таныстырылымы өтті

    1 / 4

    Женева, 2026 жылғы 12 қазан– Шымкент қаласы әкімдігі делегациясының Женеваға сапары аясында Ұлттар сарайының «Қазақстан» залында қала атынан БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесіне 5 мың қызғалдақ пиязшығын сыйға тарту рәсімі мен ұлы қазақ ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлы бюстінің таныстырылымы өтті.

    Іс-шараға Қазақстан Республикасының БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Е.Қазыхан, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры Т.Валовая, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары А.Сәбитов, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Кітапханасы мен архивтерінің директоры Ш.Варакаулле, «QazElles» қауымдастығының құрметті президенті Л.Инджуджян, БҰҰ қызметкерлері және Швейцариядағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

    Қазақстан жабайы қызғалдақтардың көптеген түрінің отаны. Бұл гүлдер еліміздің табиғи мұрасының маңызды бөлігі болып саналады. Олардың Ұлттар сарайының аумағында гүлдеуі Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы достық пен көпжылдық ынтымақтастықтың, сондай-ақ жаңарудың нышанына айналмақ.

    Іс-шара аясында «Қазақстан» залының жанындағы жаңа орынға қойылған Абай Құнанбайұлының бюсті таныстырылды. Ұлы ақын әрі ойшылдың туғанына 181 жыл толған биылғы жылы қатысушылар оның Қазақстан тарихы мен рухани мұрасындағы айрықша орнын атап өтті. Ақын, ағартушы әрі гуманист ретінде Абай білім, әділеттілік, жауапкершілік пен адамгершілік құндылықтарын дәріптеп, қазақ қоғамының рухани және зияткерлік негіздерінің қалыптасуына зор үлес қосты.

    Рәсімде сөз сөйлеген Е.Қазыхан Абай бюсті мен қазақстандық қызғалдақтар еліміздің бай мәдени және табиғи мұрасын, сондай-ақ Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымымен берік әрі көпжылдық байланыстарын бейнелейтінін атап өтті.

    Рәсімнің 24 қазанда аталып өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымы күні қарсаңында ұйымдастырылуы оған ерекше символдық мән беріп, Қазақстанның бейбітшілік, диалог және халықаралық ынтымақтастық қағидаттарына берік ұстанымын айқындады.

    Іс-шара Қазақстан мен БҰҰ арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және қазақ халқының мәдени мұрасы мен Қазақстанның табиғи мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен танытуға қосылған үлес болды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Женева қаласындағы Қазақстан Республикасының БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігі" жаңалықтары