Женева, 2026 жылғы 12 қазан– Қазақстан Республикасының БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Е. Қазыхан мен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары А. Сабитов 12–13 қазанда Женевада «Орнықты болашақ жолындағы қалалар» ( Cities Delivering for a Sustainable Future) тақырыбымен өтіп жатқан БҰҰ-ның алтыншы Қала әкімдерінің форумына қатысты.
Форум БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының ( БҰҰ ЕЭК) бастамасымен, БҰҰ-ның өзге өңірлік комиссияларымен бірлесіп, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының ( ДЗМҰ), Global Cities Hub және басқа да әріптестердің қолдауымен ұйымдастырылды. ДЗМҰ-ның штаб-пәтерінде өтіп жатқан іс-шара әлемнің түрлі елдерінен 80-ге жуық қала басшысын біріктірді.
Форум Тұрақты даму мақсаттарын жергілікті деңгейде іске асырудың практикалық тетіктеріне, әсіресе орнықты қалалар мен мен елді мекендерді дамытуға бағытталған 11-мақсатқа баса назар аударылуда. Күн тәртібі 2026 жылғы шілдеде Нью-Йоркте өткен БҰҰ-ның Тұрақты даму жөніндегі жоғары деңгейдегі саяси форумының қорытындыларымен сабақтастырылған.
Қатысушылар қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрғын үй секторының орнықтылығын арттыру, экологиялық таза көлікті дамыту, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және қалалардың қоршаған ортаға кері әсерін азайту мәселелерін талқылауда. Сондай-ақ жасыл инфрақұрылымды дамыту, табиғатқа негізделген шешімдерді қолдану, қалаларды орнықты дамытуға бағытталған жоспарлау, табиғи апаттар тәуекелдерін басқару, мәдени және табиғи мұраны сақтау мәселелері қарастырылуда.
Қалаларды дамытуда инновациялар мен шығармашылық тәсілдерді қолдануға ерекше мән берілуде. Бұл тұрғыда қалалық ортаның сапасын жақсартуға, барлық тұрғындар үшін тен мүмкіндіктер жасауға жәнеқалалардың орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған заманауи шешімдер талқылануда.
Жыл сайын өткізілетін БҰҰ-ның Қала әкімдерінің форумы қала басшыларына Біріккен Ұлттар Ұйымының жүйесімен тікелей өзара іс-қимыл жасауға, тәжірибе алмасуға және орнықты дамуына бағытталған тиімді шешімдерді ілгерілетуге мүмкіндік беретін алаң болып табылады.
Қазақстан делегациясының форумға қатысуы орнықты даму саласындағы ұлттық және қалалық тәжірибені таныстыруға, озық халықаралық практикаларды зерделеуге, сондай-ақ заманауи қалалық саясат мәселелері бойынша шетелдік қалалармен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.









