Қазақстан мен ЦЕРН озық ғылыми технологиялар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

    1 / 2

    2026 жылғы 19 қазан, Женева– Қазақстан Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымымен (ЦЕРН) ынтымақтастық аясында халықаралық ғылыми зерттеулерге қатысуын кеңейтуде. Қазақстан делегациясының ЦЕРН-ге сапары барысында детекторлардың озық технологияларын дамыту саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

    Женева қ. БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы ҚР Тұрақты өкілдігінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары А.Махамбетов бастаған делегация ЦЕРН-нің Бас директоры М.Томсонмен келіссөздер жүргізді. Тараптар ядролық физика, жоғары энергиялар физикасы және іргелі зерттеулер салаларындағы әріптестікті одан әрі тереңдету перспективаларын талқылады.

    Сапардың негізгі нәтижелерінің бірі Қазақстанның Ядролық физика институты мен ЦЕРН арасында газ детекторларын әзірлеуге маманданған DRD1 (Detector Research and Development 1) халықаралық ғылыми ынтымақтастық бағдарламасына қатысу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою болды.

    Аталған құжат қазақстандық ғалымдардың бірлескен зерттеулерге, заманауи технологияларды игеруге және халықаралық ғылыми жобаларды іске асыруға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.

    Сонымен қатар, келіссөздер барысында Қазақстан тарапы Ядролық физика институтының базасында ғылыми деректерді өңдеу орталығын құру бастамасын таныстырды. Болашақта бұл орталықты ЦЕРН-нің есептеу инфрақұрылымына интеграциялау көзделіп отыр. Ұсыныс ұйым басшылығы тарапынан оң бағаланып, алдағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының бірі ретінде қарастырылуда.

    Сапар мен меморандумға қол қою Қазақстанның ғылыми әлеуетін арттыруға, халықаралық зерттеу байланыстарын кеңейтуге және отандық мамандардың озық технологиялар саласындағы кәсіби құзыреттерін нығайтуға қосымша мүмкіндіктер ашады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Женева қаласындағы Қазақстан Республикасының БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігі" жаңалықтары