Целиноград ауданында балыққа арналған экструдталған жем өндіретін зауыт салу жоспарланып отыр. Инвестициялық жобаның құны 7 млрд теңгеден асады. Кәсіпорын жылына 25 мың тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы болады. Өндірісті 2027 жылы іске қосу көзделген. Жаңа кәсіпорында 75 жұмыс орны ашылады.
Жобаны өңірде заманауи балық өсіру шаруашылығын дамытып отырған «Poseydon» ЖШС жүзеге асырады. Аумағы 10 гектарды құрайтын аквафермада кемпірқосақ бақтақ өсіріледі. Кәсіпорынның жылдық тауарлық балық өндіру қуаты – 70 тонна.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов кәсіпорынға барып, балықтың тұқы және албырт тұқымдас түрлеріне арналған экструдталған жем өндіретін зауыт салу жоспарымен танысты.
Облыс әкімінің орынбасары бұл бастама Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібін дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жөніндегі тапсырмаларына сәйкес келетінін атап өтті. Өңір өз кезегінде жобаны іске асыруға қажетті қолдау көрсетіп, мемлекеттік қолдау шараларын алу кезеңдерінде сүйемелдеуге дайын.
Зауыттың іске қосылуы балық шаруашылығы саласының импорттық жемге тәуелділігін азайтып, отандық жем өндірісін дамытуға мүмкіндік береді.
«Біз өңірде балық шаруашылығын дамытуға мүдделіміз және жинақтаған тәжірибемізбен бөлісуге, су айдындарын балықтандыру үшін шабақтар мен жем жеткізуге, сондай-ақ мамандарды оқытуға дайынбыз. Өз өндірісіміздің болуы балық шаруашылықтарының мүмкіндіктерін кеңейтіп, тауарлық балық өсіру көлемін арттыруға жол ашады», – деді «Poseydon» ЖШС бас директоры Ербол Сүлейманов.
Қолданыстағы акваферма суды айналымда пайдалану технологиясы бойынша жұмыс істейді. Бұл сыртқы климаттық жағдайларға қарамастан, жыл бойы балық өсіруге мүмкіндік береді. Пайдаланылатын судың 95%-ына дейінгі бөлігі көпсатылы тазартудан өтіп, өндірістік айналымға қайта жіберіледі.
Бақтақ өсірумен қатар, кәсіпорында балық өнімдері де өңделеді. Мұнда порциялық балық, стейктер, тұздалған өнімдер, сондай-ақ ыстық және суық ысталған балық өндіріледі. Дайын өнім Астана қаласындағы мейрамханалар мен ірі сауда желілеріне, сондай-ақ Қазақстанның басқа өңірлеріне жеткізіледі.








