Орманды қалпына келтіру жобасы таныстырылды

    1 / 14

    Бүгін облыс әкімі Берік Уәли «PARADIGM SHIFT» ЖШС бас директоры Жанәділ Талдыбаевпен кездесті. Кездесуде өңірде 100 мың гектар аумақты қамтитын орманды қалпына келтіру жобасы таныстырылды.

    Жобаның мақсаты – бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының шаруашылық айналымына тартылмаған, орман өсіруге жарамды жерлерін қалпына келтіру. Инвесторлардың ұсынысына сәйкес жалпы құны 80 млрд теңге болатын жоба жеке инвестициялар мен халықаралық климаттық қаржыландыру есебінен жүзеге асырылмақ.

    Бағдарлама 12 жылға жоспарланған. 2027 жылы алғашқы 1000 гектар жерге ағаш отырғызу, кейін жыл сайын 8–9 мың гектар аумақты ормандандыру ұсынылып отыр. Жоба толық іске асқан жағдайда 264 миллион түп ағаш отырғызылып, жылына 22 миллионнан астам көшет өсіретін тұқымбақ құрылады.

    Инвесторлардың есебінше, ағаш отырғызу жұмыстарының қарқынды кезеңінде 2000-ға дейін маусымдық, ал тұрақты негізде 300–400 жұмыс орны ашылуы мүмкін.

    Кездесуде жер учаскелерінің радиациялық қауіпсіздігін бағалау, ағаштарды күтіп-баптау және өртке қарсы инфрақұрылымды қамтамасыз ету мәселелеріде талқыланды.

    «Абай облысы – табиғи ресурстарға бай өңірлердің бірі. Орман қорын сақтау, қалпына келтіру және табиғи экожүйелерді қорғау мәселелері біздің ерекше назарымызда. Мемлекет басшысының орманды қайта қалпына келтіру бойынша берген нақты тапсырмасы бар. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Біз орманды қалпына келтіруге қатысты жаңа бастамалар мен тиімді тәжірибелерді қарастыруға ашықпыз. Сіздер ұсынып отырған жобаның өңір үшін маңызы зор. Сондықтан оны жан-жақты зерделеп, өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға және нақты ұсыныстарды қолдауға дайынбыз», – деді Берік Уәли.

    Ұсынылған жоба бойынша жер мемлекеттік меншікте сақталады. Орман алқаптарын күтіп-баптау, қорғау және қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру инвестор есебінен жүргізіледі. Жер учаскелерінің жарамдылығы тиісті зерттеулер мен радиоэкологиялық қорытынды негізінде анықталады.

    «Біз үшін ең маңыздысы – орман отырғызумен ғана шектелмей, оның ұзақ мерзім сақталуын қамтамасыз ету. Сондықтан жоба аясында ағаштарды күтіп-баптау, өрттен қорғау және тұрақты мониторинг жүргізудің кешенді жүйесін қалыптастыруды ұсынып отырмыз. Орман алқаптарының көмірқышқыл газын сіңіру көлемі тәуелсіз халықаралық аудит арқылы расталады. Бұл жобаның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, табиғатты қалпына келтіру жұмыстарын ұзақ жылдар бойы жалғастыруға мүмкіндік береді», – деді «PARADIGM SHIFT» ЖШС бас директоры Жанәділ Талдыбаев.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының әкімдігі" жаңалықтары