2026 жылғы 28 қазан
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жариялады.
Мемлекет басшысы сөзінің басында әлемде тұрақсыздық белең алған қазіргі кезеңде еліміз ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асырып, дамудың жаңа кезеңіне нық қадам басқанын атап өтті.
– Азаматтарымыз толыққанды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтылуы керек. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын көтерудің маңызды шарты. Сондықтан, басты назарды инфрақұрылым құру ісіне аударамыз. Бұған дейін де айттым: Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс. Мәселе жекелеген жобаларға қатысты болып отырған жоқ. Жалпы, барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, жандандыру қажет, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Әділетті, Күшті, Таза, Озық Қазақстанды құру басты мақсат екеніне назар аударды.
– Бір сөзбен айтқанда, біз осы тарихи жауапкершілікті терең сезіне отырып, өскелең ұрпақтың игілігі үшін мол қаржы қалдырумен қатар, технологиялық тұрғыдан өркендеген, бәсекеге қабілетті әрі күшті экономикасы, озық инфрақұрылымы бар, өмір сүру үшін қолайлы, әр азаматтың өзін-өзі дамытуына барлық жағдай жасалған жаңа тұрпатты мемлекет құрып, аманат етуіміз керек. Мұны ең басты міндетіміз, тіпті тарихи маңызы бар миссиямыз деп айтуға болады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі ілгерілету, инфрақұрылымды модернизациялау, көлік-логистика, энергетика әлеуетін нығайту, өнеркәсіпті жедел технологиялық жаңарту, аграрлық сектордың өнімділігін арттыру, су ресурстарын ұтымды пайдалану, инвестициялық ахуал мен бизнес жүргізу жағдайларын жақсарту, Alatau City қаласын өркендету, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, Digital Qazaqstan стратегиясын іске асырып, жасанды интеллектіні жаппай енгізу, цифрлық экономиканы қалыптастыру, инфляцияны тежеу, қаржы, бюджет және салық саясатын жетілдіру, әлеуметтік қолдау мен ағарту жүйелерін жаңғырту, мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейту, сондай-ақ қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын жан-жақты орнықтыру мәселелері бойынша бірқатар бастама көтерді.









