
Отбасынан — қызметке: мемлекеттік тілге бастар жол
Ақтау қаласы Полиция басқармасының Талдау және жоспарлау бөлімінің қатардағы полицейі Алена Андреевна Елисеева — мемлекеттік тілге деген құрметін күнделікті қызметі арқылы көрсетіп жүрген жас маман.
Алена Андреевна ұлты — орыс. Соған қарамастан, қазақ тілін бала кезінен меңгеріп, бүгінде мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, оны қызмет барысында белсенді қолданып келеді. Оның қазақ тілін үйренуіне ең алдымен отбасының ықпалы зор болған.
«Біздің ұлтымыз — орыс. Қазақ тілін маған ата-анам үйретті. Олар бала кезімнен қазақ тілінде сөйлеуге, оны құрметтеуге тәрбиеледі. Отбасымызда қазақ тіліне әрдайым ерекше құрметпен қарадық. Сондықтан мемлекеттік тілде сөйлеу мен үшін қалыпты жағдайға айналды», — дейді Алена Андреевна.
Оның айтуынша, ата-анасы балаларын қазақ тілін үйренуге және оны күнделікті өмірде қолдануға баулыған. Бұл дәстүр бүгінде де жалғасын тауып келеді. Алена Андреевнамен бірге бауырлары Тимофей, Матфей және Кира да қазақ тілінде сөйлейді.
Жас маман қызмет барысында әріптестерімен және азаматтармен қазақ тілінде еркін қарым-қатынас жасап, мемлекеттік тілді кәсіби ортада кеңінен қолданады. Оның пікірінше, мемлекеттік тілді білу — азаматтың қоғаммен еркін араласуына, адамдармен жақын қарым-қатынас орнатуына және қызметтік міндеттерді сапалы атқаруына мүмкіндік береді.
Алена Андреевна үшін қазақ тілі — тек қарым-қатынас құралы ғана емес, отбасыдан қалыптасқан құндылық. Ол мемлекеттік тілді құрметтеу мен оны күнделікті өмірде қолдану әр адамның азаматтық жауапкершілігінің бір бөлігі деп санайды.
«Қазақ тілін білу — үлкен мүмкіндік. Мемлекеттік тілді құрметтеп, оны дұрыс әрі сауатты қолдануымыз қажет. Әр азаматты мемлекеттік тілде сауатты әрі еркін сөйлеуге шақырамын», — дейді жас полицей.
Бүгінде Алена Андреевна қазақ тілін одан әрі жетілдіруге ұмтылып, қызметтік ортада мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейтуге өз үлесін қосып келеді. Оның өмір жолы — отбасында қалыптасқан тілге деген құрметтің кәсіби қызметте де жалғасын табатынының бір мысалы.









