ҚЫСҚЫ КЕЗЕҢДЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫН КҮТІП ҰСТАУ ЖӘНЕ ЖОЛ ҚАТЫНАСЫНЫҢ ҮЗДІКСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қысқы кезеңде Қарашай ауылдық округі аумағындағы автомобиль жолдарының қауіпсіз әрі үздіксіз қатынасын қамтамасыз ету, қар тазалау жұмыстарын уақтылы ұйымдастыру және жолдардың көктайғақтануына жол бермеу мәселелері бойынша Мәртөк аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А.Калимагамбетовпен кездесу өткізілді.
Кездесу барысында қыс мезгілінде ауылдық округке қарасты елді мекендер арасындағы автомобиль жолдарын қардан тазалау, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауа райының қолайсыз жағдайларына байланысты туындауы мүмкін мәселелердің алдын алу бағыттары талқыланды.
Атап айтқанда, қар жаууы, боран және жолдардың қар құрсауында қалуы жағдайларында арнайы техникалармен жедел әрекет ету, жолдарды уақытылы тазалау, сондай-ақ елді мекендер арасындағы көлік қатынасының үздіксіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, қысқы кезеңде жолдарды күтіп ұстауға қажетті арнайы техникалардың дайындығы, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету және жол тазалау жұмыстарына жергілікті кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының техникаларын тарту мәселелері қарастырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша қысқы кезеңде жолдарды күтіп ұстау жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастыру, жауапты мекемелермен өзара байланысты күшейту және төтенше ауа райы жағдайларында жедел шаралар қабылдау жөнінде пікір алмасылды.
Аталған жұмыстардың негізгі мақсаты – Қарашай ауылдық округі тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, елді мекендер арасындағы автомобиль жолдарының үздіксіз қатынасын сақтау және қысқы кезеңде туындайтын жол мәселелерін уақытылы шешу.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









