Алматы облысында ғимарат маңдайшаларындағы, сыртқы жарнамалар мен көрнекі ақпараттардағы қазақша қате жазулар мен сауатсыз аудармаларға бақылау күшейтілмек. Ол үшін өңірде «Ақылды мониторинг» цифрлық жобасы іске қосылды. Енді бақылаушы топ анықтаған әрбір қате арнайы картаға енгізіліп, кемшіліктің түзетілген-түзетілмегені қадағаланады.
Бақылаушы топтың құрамына жеке тұлғалар, тіл жанашырлары мен «Қазақ тілі қоғамы» филиалдарының өкілдері кіреді. Қателікке жол берген нысандар цифрлық картада үш түспен белгіленеді: қызыл – қате анықталған, сары – түзету жұмыстары жүргізіліп жатқан, жасыл – кемшілік жойылған. Мәселен, кәсіпкерлік нысанның маңдайшасынан тілдік қате табылса, бақылаушы топ мүшесі оның фотосуретін, мекенжайын және анықталған кемшіліктің сипаттамасын картаға енгізеді. Одан кейін бұл мәліметтер жауапты әкімдікке жолданады. Әкімдік өкілдері кәсіпкерге қандай олқылық барын түсіндіріп, оны түзету қажеттігін жеткізеді. Кәсіпкер қатені жойған соң, жаңартылған фотосурет жүйеге жүктеледі. Жауапты мамандар өзгерісті қайта тексеріп, кемшіліктің жойылғанын растағаннан кейін ғана нысанның мәртебесі жасыл түске ауыстырылады.
Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Салтанат Беспаеваның айтуынша, бұған дейін маңдайшалар мен жарнамалардағы тіл талаптарының сақталуы азаматтардың шағымдары, әкімдіктердің мониторингі және жаз мезгілінде өтетін «Тіл тазалығын сақтайық!» акциясы арқылы бақылауда болған. Алайда анықталған қателер туралы мәліметтер әр жерде сақталып, олардың түзетілген-түзетілмегенін бақылау қиындық туғызған. Жаңа жүйе осы ақпараттың барлығын бір жерге жинап, әр аудан мен қаладағы жұмыстың нәтижесін бір жерден көруге мүмкіндік береді.
«Алғашқы пилоттық жоба Іле ауданының Байсерке ауылында жүзеге асырылды. Мониторинг барысында анықталған 120 тілдік қате интерактивті картаға енгізілді. Қазір осындай мониторинг облыстың барлық ауданы мен қаласында жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін анықталған барлық заңбұзушылықты картаға енгізіп, бірыңғай деректер базасын қалыптастырамыз. Ал 2027 жылдың басынан бастап жинақталған мәліметтер жауапты әкімдіктерге беріледі. Олар осы деректер негізінде кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, анықталған олқылықтарды жоюға атсалысады»,– деді Салтанат Беспаева.
Әзірге «Ақылды мониторинг» жүйесі тілдік қателерді өздігінен анықтамайды. Оларды мамандар тауып, картаға енгізеді. Алдағы уақытта мәтіндердегі қателер мен қисынсыз аударманы жасанды интеллект көмегімен автоматты түрде анықтау мүмкіндігін де енгізу жоспарланып отыр.
Айта кетсек, жыл басынан бері Алматы облысында 335 кәсіпкерлік нысанының ішкі-сыртқы жарнамалары мен көрнекі ақпаратына бақылау жүргізілді. Нәтижесінде 170 тілдік қате анықталып, оның 114-і түзетілді. Қалған 56 кемшілікті жою жұмыстары жалғасып жатыр. Ең жиі кездесетін қателер – ас мәзірлерінің, маңдайшалар мен баға көрсеткіштерінің тек орыс тілінде жазылуы.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, маңдайшалар мен көрнекі ақпаратты орналастыру талаптарын бұзғандарға алдымен ескерту беріледі. Егер кәсіпкер ескертуді елемей, бір жыл ішінде осы құқықбұзушылықты қайталаса, оған айыппұл салынады. Айыппұл мөлшері кәсіпкерлік нысанының санатына байланысты:
●Лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне және коммерциялық емес ұйымдарға – 5 АЕК (21 625 теңге);
●Орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 10 АЕК (43 250 теңге);
●Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 25 АЕК (108 125 теңге).
Тіл тазалығын сақтауға тұрғындар да үлес қоса алады. Олар көшелер мен ғимараттардан байқаған тілдік қателер туралы ««e-Otinish» жүйесі арқылы басқармаға өтініш жолдаса жеткілікті.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









