Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов Балқаш ауданы тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстардың есебін берді. Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарылған жұмыстар мен олардың нәтижелері баяндалды. Сондай-ақ аудан халқын толғандырған сұрақтарға жауап беріліп, алдағы негізгі міндеттер айқындалды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бүгінде Балқаш ауданында халықтың әл-ауқатын жақсарту, кәсіпкерлікті қолдау және құрылыс қарқынын арттыру бағытында маңызды жұмыстар атқарылуда. Биыл негізгі капиталға 8 миллиард 723 миллион теңге инвестиция тартылып, бөлшек сауда айналымы 4 миллиард 577,4 миллион теңгені құрады. Аудан экономикасының негізгі тірегі саналатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі жыл басынан бері 33 миллиард теңгеден асты. Биыл аудан бойынша 29 мың гектардан астам жерге егін егілсе, оның 4 000 гектарға жуығын күріш алқабы құрап отыр. Қазіргі таңда 16 117 тонна күріш жиналып, жиын-терін аяқталуға жақындады. Ал орташа өнімділік гектарына 41 центнерді құрады. Сондай-ақ мал шаруашылығын жем-шөппен қамтамасыз ету мақсатында 160 900 тонна мал азығы дайындалды. Ауданда әлеуметтік осал топ санатына жататын жандарға арналған 207 пәтер салынып жатыр. Бақбақты, Ақдала, Жиделі ауылдарының ауызсу жүйесін қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстары қараша айының соңына дейін аяқталады. Сонымен қатар биыл Бақанас ауылының жаңа ықшамауданы мен Ақжар ауылына газ тартылды. Денсаулық сақтау саласы бойынша Қарой ауылының дәрігерлік амбулаториясы және Көкжиде ауылының фельдшерлік-акушерлік пункті жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Кездесу барысында Шыңғыс Сайранұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы баяндап, Балқаш ауданындағы өзекті мәселелерге тоқталды. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша облыстағы қысқа мерзімді экономикалық индикатор 113,3 пайызды құрап, барлық негізгі салаларда өсім байқалды. Алда жалпы өңірлік өнім көлемін 7,5 триллион теңгеге жеткізу міндеті тұр. Бүгінде облыс аумағында жалпы құны 173,3 миллиард теңгені құрайтын төрт жаңа инвестициялық нысан іске қосылып, тағы бір ірі жобаның құрылысы басталды.
Әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту мақсатында облыстық резерв қаражаты есебінен екі маңызды нысанды жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Атап айтқанда, Қонаев қаласындағы тәулігіне 300 адам қабылдайтын балалар емханасын қалпына келтіру және 640 орынды Шоқан Уәлиханов атындағы №2 мектеп-лицейді күрделі жөндеуден өткізу жұмысы басталды. Сонымен қатар Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасын жылумен тұрақты қамтамасыз ету үшін қуаттылығы 12 МВт болатын блок-модульді қазандықтың құрылысы жүргізілуде. Н. Тілендиев ауылында жедел жәрдем станциясы, учаскелік полиция пункті мен өрт сөндіру бөлімін бір ғимаратқа біріктіретін кешенді пилоттық нысанның құрылысы аяқталып келеді.
Жол қауіпсіздігін арттыру бағытында да маңызды жобалар іске асырылуда. «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағындағы автомобиль жолын кеңейту жұмысы қарқынды жүргізіліп, Қаскелең бағытындағы тасжолдың 26–27 шақырым аралығында абаттандыру жұмыстары атқарылуда.
Аймақ басшысы Балқаш ауданына қатысты мәселелерге ерекше тоқталып, Бақанас ауылындағы кинотеатр ғимаратының тарихи келбетін сақтай отырып күрделі жөндеуден өткізу, Балқаш аграрлық-индустриялық колледжінің жатақханасын жаңғырту және Бақбақты ауылындағы Жамбыл Жабаев атындағы №1 орта мектеп ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарын сапалы аяқтау бойынша нақты міндеттер жүктегенін айтты. Сонымен бірге Іле өзенінің жағалауын нығайту, «Тасмұрын» магистральды каналындағы су ысырабын азайтып, өткізу қабілетін арттыру, туризм мен ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларды зерделеп, мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы көмек көрсету бағытында да нақты тапсырмалар берілгенін жеткізді.
«Бұл жұмыстардың барлығы ауданның әлеуметтік жағдайын жақсартуға, экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Берілген тапсырмалардың орындалуы тұрақты бақылауда болады», – деді Алматы облысының әкімі.
Жиын барысында аудан халқы жол сапасы, газ, жарық желісі, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несие алу және ветеринария саласындағы мәселелер бойынша сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды. Мәселен, Ақжар ауылының тұрғыны былтыр елдімекенге газ желісі тартылғанын, бірақ әлі күнге көгілдір отынға қол жеткізе алмай отырғандарын жеткізді. Сала мамандары аталған жоба бойынша тиісті мердігер мекеменің бекітілгенін және келесі жылы үйлерге газ қосу жұмысына кірісетінін хабарлады. Аймақ басшысы облыстағы ауылдардың барлығын газбен қамту маңызды міндеттердің бірі екенін және ол үшін барлық мүмкіндік қарастырылатынын жеткізді.
Тағы бір тұрғын «Топар – Қаншеңгел» жолының тозығы жеткенін, жөндеу жұмысын қажет ететінін айтты. Жауапты тұлғалардың сөзінше, қазіргі таңда белгіленген мердігер мекеме өңірде жоспарға сай жұмыс жасап жатыр, алдағы 2-3 күнде аталған жолды қалпына келтіруді бастамақ. Бақанас ауылындағы Ы. Алтынсарин көшесін жөндеу жұмысы қанша жыл бойы созбаққа салынып, аяқталмай келеді. Аудан тұрғындары бұл мәселені де тездетіп шешіп беруді өтінді. Аталған жол бойынша қос бірдей мердігер мекеме жосықсыз деп танылып, бүгінде жоба қайта жасалып жатыр. Келесі жаз айында құрылыс қайта басталады деп жоспарланып отыр.
Жергілікті кәсіпкер облыстық маңызы бар жолдың бойындағы қымызхана мен тамақтану орнын ашқанын, оны ары қарай дамыту үшін газ желісін тартуға және электр энергиясының қуатын арттыруға қолдау көрсетуді сұрады. Мамандар «Бизнесті қолдау жол картасы» аясында бұл мәселені шешуге болатынын түсіндірді.
Жиын соңында Шыңғыс Сайранұлы тұрғындардың барлық сауалы тікелей бақылауында болатынын айтып, басқарма басшылары мен жауапты қызметкерлерге нақты тапсырмалар берді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









