Алматы облысында көзге лазерлік операциялар мемлекеттік ауруханада жасала бастады

    1 / 3

    Алматы облысының тұрғындары енді көз ауруларының бірқатар түрін мемлекеттік ауруханада лазермен емдете алады. Қазан айынан бастап Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында лазерлік операциялар жасала бастады. Бұған дейін мұндай қызмет облыс аумағындағы екі жекеменшік клиникада ғана көрсетілген.

    Аурухана өз қаражатына көз ауруларын емдеуге арналған екі лазерлік құрылғы сатып алды. Оның бірі – құны 9,87 млн теңге болатын YAG лазер жүйесі, екіншісі – 15,96 млн теңгелік диодты медициналық лазер. Жаңа жабдықтар көздің торқабығы жыртылғанда немесе онда дегенерациялық өзгерістер болғанда, диабеттік ретинопатия кезінде және глаукоманың кейбір түрлерін емдеуде қолданылады. Сондай-ақ катаракта отасынан кейін көру қабілеті қайта бұлыңғырланса, оны да осы лазер арқылы түзетуге болады.

    Ауруханада бұған дейін катарактаның әр түрін, соның ішінде асқынған және ісінген катарактаны, сондай-ақ глаукоманы емдеу, жоспарлы және шұғыл операциялар жасау, көз ішіне дәрі енгізу қызметтері көрсетіліп келген. Енді бұл қызметтер қатарына көз ауруларын лазермен емдеу әдістері қосылды.

    Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының офтальмология бөлімшесінің меңгерушісі Ақылбек Бақытжанның айтуынша, жаңа технологиялар көз ауруларын ерте анықтап, уақтылы емдеуге және пациенттердің көру қабілетін сақтауға мүмкіндік береді.

    «Лазерлік орталық күніне 20 науқасқа дейін қабылдай алады.Қазан айының басынан бері орталықта 30-дан астам ота жасалды. Процедура түріне қарай операция 5-20 минутқа созылады. Отадан кейін науқас бірден үйіне қайта алады. Осылайша, облыс тұрғындары көз ауруларын лазермен емдету үшін алысқа бармай-ақ, қажетті көмекті өз өңірінде ала алады. Жалпы офтальмологиялық тәжірибеде миопия, катаракта, глаукома, диабеттік ретинопатия және көз торқабағының дегенерациялық аурулары жиі кездеседі»,– дейді Ақылбек Бақытжан.

    Қазір лазерлік операциялар ақылы негізде де, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында да жасалады. МӘМС арқылы катаракта мен глаукоманы емдеуге, көздің торқабығын лазермен емдеуге және көздегі ет тәрізді қабықты алып тастауға болады. Бұл қызметтер дәрігердің тексеруі мен жолдамасы бойынша, медициналық көрсетілімдерге сәйкес көрсетіледі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Алматы облысының әкімдігі" жаңалықтары