Алматы облысының Қарғалы ауылында жаңа мәдениет үйі ашылды

    1 / 7

    Республика күні қарсаңында Алматы облысының Жамбыл ауданында жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Қарғалы ауылында бой көтерген екі қабатты ғимараттың жалпы аумағы 3 мың шаршы метрден асады. Нысанда 350 орынды көрермен залы, 50 орынды кіші мәжіліс залы, кітапхана, асхана, хореография залы, үйірмелер өткізуге арналған және өзге қажетті бөлмелер қарастырылған. Жобаға 1,5 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

    Салтанатты рәсімге зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, өнерпаздар мен ауыл тұрғындары қатысты. Алматы облысының әкімі де Қарғалыға арнайы барып, халық қуанышына ортақтасты.

    «Бүгін біз үшін қос қуаныш! Ұлық мерекеміз – Республика күні қарсаңында Қарғалы ауылында сәулеті келіскен, заман талабына сәйкес салынған мәдениет үйі есігін айқара ашып отыр. Осы айтулы оқиғамен баршаңызды құттықтаймын! Өздеріңіз білесіздер, Қарғалы – Жамбыл ауданындағы халық саны жағынан Ұзынағаштан кейінгі ең ірі ауылдық округ. Тарихы – терең, тірлігі – берекелі, еңбекқор халқымен танылған іргелі елді мекен. Осындай үлкен ауылдың заманауи руханият ошағына деген сұранысы да жоғары екені белгілі. Жаңа мәдениет үйі осы қажеттілікті өтеуге бағытталған маңызды нысан. Бұл – ауыл тұрғындарының мәдени демалысын ұйымдастыруға, жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамытуға жасалған нақты қадам», – деді Шыңғыс Сайранұлы.

    Жаңа нысанның ашылуына куә болған ауыл халқының қуанышында шек жоқ. Солардың бірі – жергілікті тұрғын Шәріпбек Уағызұлы.

    «Бүгін ақ түйенің қарны жарылған ақжарылқап күн болды. Барша ауыл тұрғыны бір марқайып қалды. Өйткені бұл сәтті асыға күттік. Еліміз егемендік алғаннан кейінгі жылдары елді мекен өркендеп, дамыды. Осында көшіп келушілер саны артып, елге ел қосылып, құтты мекенге айналды. Сондықтан жаңа нысан бізге тамаша тарту болды», - деді тұрғын.

    Енді ауыл тұрғындары бос уақытын тиімді өткізіп, өнердің түр-түрін меңгеріп, шығармашылық қабілетін дамыта алады. Мұндай игі жобалар халықтың рухани тереңдеуіне, ішкі мәдениетін қалыптастыруға зор ықпал ететіні сөзсіз.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Алматы облысының әкімдігі" жаңалықтары