Air Astana мен China Southern Airlines Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе қатынасын нығайтуға, саяхаттау мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ жолаушылар үшін қолайлылықты арттыруға және таңдау әртүрлілігін қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды.
Қол қою рәсіміне ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев, Air Astana әуе компаниясының серіктестіктер мен альянстар жөніндегі вице-президенті Ричард Леджер, China Southern Airlines атқарушы вице-президенті Цзэн Юнчао, сондай-ақ авиакомпаниялар мен авиация саласы ұйымдарының өкілдері қатысты.
Бұл екі елдің әуе компаниялары арасындағы алғашқы стратегиялық серіктестік болып табылады. Ол қолданыстағы код-шерингтік ынтымақтастықты дамытудың жаңа кезеңіне айналып, коммерциялық байланыстарды одан әрі тереңдетуге негіз қалайды.
Келісім шеңберінде әуе компаниялар рейстер кестесін үйлестіреді, код-шерингтік қызметтерді кеңейтеді және бірлескен маркетингтік бастамаларды іске асырады. Маршруттық желілер мен коммерциялық модельдерді жақындастыру арқылы бұл серіктестік тасымалдаудың бірыңғай шарттарын, қолайлы түйісулерді және Қазақстан, Қытай мен одан тыс аймақтардағы бағыттарға кеңірек қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, екі әуе компанияның рейстерімен саяхаттауды жеңілдетуге бағытталған.
ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев:
«Елдеріміз арасындағы рейстер саны 2025 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 52%-ға артты. 2026 жылдың басынан бері бір миллионнан астам жолаушы тасымалданды. Министрліктің жоспарында Қытаймен маршруттық желіні одан әрі кеңейтіп, бағыттар санын 30-ға дейін жеткізу көзделген».
Air Astana вице-президенті Ричард Леджер:
«Қытай Air Astana үшін стратегиялық маңызды нарық болып табылады, ал Қазақстан Еуропа мен Азияны байланыстыратын көлік хабы ретінде тиімді географиялық орналасуға ие. China Southern Airlines әуе компаниясымен стратегиялық серіктестігіміз — осы рөлді дамытудағы және қытайлық жетекші әуе тасымалдаушыларының бірімен коммерциялық қарым-қатынастарды тереңдетудегі маңызды қадам. Бірін-бірі толықтыратын маршруттық желілерімізді біріктіре отырып және коммерциялық ұсыныстың негізгі элементтерін үйлестіре отырып, біз жолаушыларға саяхаттаудың көбірек мүмкіндіктерін, қолайлы түйісулерді, сондай-ақ екі авиакомпанияның рейстерінде бірыңғай қызмет көрсету шарттары мен ережелерін ұсынуға ұмтыламыз».
China Southern Airlines атқарушы вице-президенті Цзэн Юнчао:
«Қытай мен Қазақстан „Бір белдеу — бір жол“ бастамасы шеңберіндегі маңызды серіктестер болып табылады. Бұл стратегиялыққ ынтымақтастық екі ел арасындағы авиациялық байланысты дамытудың маңызды нәтижесіне айналды және өркендеп келе жатқан өңірлік нарықты қалыптастыруға деген ортақ ұмтылысымызды көрсетеді. Бұл екі әуе компания үшін де әр тараптың артықшылықтарын пайдалануға және ресурстарды бірлесіп жұмылдыруға мүмкіндік беретін стратегиялық таңдау болып табылады. Жолаушылар үшін ең сезінерлік нәтиже — саяхаттың қолайлылығын арттыру: ұшудың көбірек нұсқалары, қайта отырудың жеңілдетілген процедуралары және жайлы сапар».
Air Astana әуе компаниясы Астана мен Алматыдан Үрімжі, Бейжің, Гуанчжоу және Шанхай қалаларына рейстер орындайды, қарбалас маусымда аптасына 36-ға дейін тұрақты барып-қату рейсін ұсынады. China Southern Airlines Үрімжі, Бейжің, Гуанчжоу және Сиань қалаларынан Алматы мен Астанаға рейстерді жүзеге асырады, қарбалас маусымда аптасына 29-ға дейін тұрақты барып-қату рейсін ұсынады. Осылайша, екі әуе компания бірлесіп екі ел арасында кең ауқымды әуе қатынасы желісін қамтамасыз етеді, бұл маршруттық желіні одан әрі жетілдіруге, саяхаттың қолайлылығын арттыруға және жолаушылардың таңдауын кеңейтуге берік негіз қалайды.
Стратегиялық серіктестік Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік, туристік, білім беру және отбасылық сапарларды дамытуға, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арқылы екі тасымалдаушының желісі бойынша басқа қалаларға сапар шегетін жолаушылар үшін транзиттік мүмкіндіктерді нығайтуға ықпал етеді.
China Southern Airlines туралы
China Southern Airlines — штаб-пәтері Гуанчжоуда орналасқан коммерциялық әуе компания. 2026 жылдың ортасындағы жағдай бойынша оның паркінде 973 жолаушылар мен жүк әуе кемесі бар.
Компания Қытай Азаматтық авиация басқармасының (CAAC) «Ұшу қауіпсіздігі үшін гауһар сыйлығы — үш жұлдыз» марапатына, сондай-ақ AirlineRatings.com порталының ең жоғары жеті жұлдызды қауіпсіздік рейтингіне ие болған алғашқы әуе тасымалдаушы болды.
China Southern Airlines қатарынан 16 жыл бойы China Brand Power Index рейтингінде әуе компаниялар категориясы бойынша бірінші орынды иеленіп келеді және қатарынан тоғыз жыл бойы CAPSE Best Airline Award марапатын алып келеді.








