Алматы облысында жұмыс берушілер тарапынан 4 300-ден астам бос жұмыс орны ұсынылады. Enbek.kz порталының деректеріне сәйкес, өңірде білім беру, өндіріс, сауда, логистика және медицина саласындағы мамандарға сұраныс жоғары, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мәселен, білім беру және тәрбие саласында – 532, өндірісте – 319, біліктілікті талап етпейтін жұмыстар бойынша – 212, көлік және логистика саласында – 204, медицина және фармацевтика саласында 133 бос жұмыс орны бар.
Ұсынылатын жалақы маманның білімі мен тәжірибесіне және кадр қажеттілігіне қарай әртүрлі болып келеді. Мәселен, бас инженер, энергетик, өндіріс бөлімшелері мен қаржы саласындағы басшыларға, сондай-ақ өндірісті автоматтандыру бағытындағы жекелеген мамандарға, жүк автомобильдері мен тіркемелі жүк көлігін жүргізушілерге 800 мыңнан 1 млн теңгеге дейін жалақы беріледі.
Өңірде білім беру саласында да көптеген ваканция бар. Әсіресе математика, орыс тілі мен әдебиеті, информатика, физика, химия, шет тілі және қазақ тілі мұғалімдеріне сұраныс жоғары. Оларға 391 мыңнан 600 мың теңгеге дейін және одан жоғары мөлшерде жалақы ұсынылады.
Өнеркәсіп пен құрылыс саласында инженер, жабдықтарды жөндеушіжарық маманы, дәнекерлеуші, металл конструкцияларын монтаждаушы және құрылыс-монтаж жұмысының шеберіне қажеттілік басым. Олардың айлығы 500-600 мың теңгеден асады, ал кейбір инженерлік-техникалық лауазымдарда жалақы 800 мың теңгеге және одан жоғары мөлшерге жетеді.
Қаржы саласында бухгалтер, қаржыгер, қазынашы және басқа да мамандарға арналған бос жұмыс орындары бар. Жекелеген ұсыныстар бойынша жалақы 400-800 мың теңгенің аралығында болады. Бұдан бөлек, денсаулық сақтау, еңбек және өнеркәсіп қауіпсіздігі, өндірісті автоматтандыру, сапаны бақылау және сауда саласындағы мамандар көптеп қажет.
Алдағы жылдары Алматы облысында өндіріс пен құрылыс саласының дамуына, цифрландыру мен автоматтандыруға және халыққа көрсетілетін әлеуметтік қызметтің артуына байланысты бірқатар маманға сұраныс басым болады. Ең алдымен, инженерлік техника және жұмысшы мамандықтарының маңызы арта түспек. Олардың қатарында электр энергетикасы және құрылыс инженері, автоматтандыру, өндіріс жабдықтарының маманы, дәнекерлеуші, механик, техникалық қадағалаушы және жүк көліктерінің жүргізушісі бар. Цифрлық технологияның дамуына орай бағдарлама жасаушы, деректерді талдаушы, киберқауіпсіздік маманына қажеттілік артады. Бұдан бөлек, білім беру, денсаулық сақтау, логистика, сауда және қызмет көрсету саласындағы білікті кадрларға деген сұраныс сақталады.
Электрондық еңбек биржасының деректеріне сәйкес, 2026-2035 жылдары ел экономикасына шамамен 2,9 млн маман қажет болады. Оның жартысынан астамы жұмысшы мамандықтарға тиесілі.









