Қазақстанда ел кітапханаларының жұмысын жаңа деңгейге көтеретін ауқымды жоба қолға алынуда. Мемлекеттік кітапханалардың электронды каталогтарын біріктіретін бірыңғай цифрлық платформа құру жоспарланып отыр.
Жаңа жүйенің басты артықшылықтарының бірі – оқырмандардың тіркелген жеріне қарамастан елдегі кез келген кітапхана қорын еркін пайдалану мүмкіндігі. Сонымен қатар айналымға «Зерделі ұлт» атты бірыңғай электронды оқырман билетін енгізу қарастырылуда.
Платформаның тиімділігін арттыру үшін заманауи технологиялар, атап айтқанда жасанды интеллект (ЖИ) кеңінен қолданылмақ. ЖИ кітаптарды автоматты түрде каталогтауға, қажетті басылымдарды лезде табуға және оқырманның қызығушылығына қарай жеке әдебиеттер тізімін іріктеп беруге көмектеседі.
Бұл бастама отандық кітап қорын қолжетімді етіп қана қоймай, халықтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









