Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасында магнит жұтып қойған 7 және 4жасар екі ағайындыға сәтті ота жасалды. Балалар ауруханаға мазасызданып, іштері үздіксіз ауырған соң жеткізілген. Тексеру кезінде олардың асқазан-ішек жолдарынан бірнеше магнит анықталған. Мұндай жағдайдың қауіпті екенін ескерген ақ халаттылар балаларды шұғыл түрде ауруханаға жатқызып, толық тексеруден кейін ота жасауға шешім қабылдады.
Бөгде зат 4 жасар бүлдіршіннің асқазаны мен аш ішегінің әртүрлі бөлігіне түсіп кеткен екен. Магниттер бір-бірінен алшақ жатса да, бір-біріне тартылып, ішекті қысып тұрған. Білікті мамандар баланың асқазанынан 15 магнит алып шықты. Қалған 14 магнит аш ішектен табылған. Сонымен қатар, дәрігерлер ота кезінде баланың ішегінде туабітті кішкентай қалта тәрізді өсіндіні, яғни “Меккель дивертикулын” да алып тастады. Осылайша, бүлдіршіннің ағзасынан барлығы 29 магнит шығарылды.
Ал үлкен баланың тоқ ішегінен бір-біріне жабысып қалған үш магнит табылды. Дәрігерлер лапароскопиялық ота жасап, арнайы хирургиялық әдіспен магниттерді соқыр ішек тұсына жылжытып, сол жерден алып шықты. Бұл тәсілдің негізгі артықшылығы – ішекті тікелей кесіп ашпай-ақ бөгде заттарды алып шығуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол операциялық тілік көлемін азайтып, ішекке қосымша зақым келтіру қаупін төмендетуге және операциядан кейінгі қалпына келу кезеңін жеңілдетуге бағытталған.
Облыстық балалар клиникалық ауруханасының хирургі Асқар Қаназовтың айтуынша, балалар магниттерді үйде ойнап жүріп абайсызда жұтып қойған. Қайта ата-анасы дер кезінде жедел жәрдем шақырып, медициналық көмекке жүгінген.
«Бірнеше магнитті жұтып қою баланың денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Себебі магниттер ішектің әртүрлі бөліктерінде орналасса да, бір-біріне тартылып, ішекті қысып қалуы мүмкін. Соның салдарынан қан айналымы бұзылып, ішек зақымдануы, тіпті тесіліп кетуі ықтимал. Мұндай жағдайда уақыт жоғалту ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Сондықтан медициналық көмекке дер кезінде жүгіну өте маңызды. Бұл балалар магниттерді жұтқаннан кейін шамамен 5 сағат өткен соң ауруханаға түсті. Олардың уақытылы жеткізілуі мен медицина мамандарының үйлесімді жұмысының арқасында қауіптіңалдын алдық», – деді хирург.
Отадан кейін ағалы-інілі екі бала да толық тексеруден өтті. Олардың ағзасынан қосымша магниттер анықталған жоқ. Дәрігерлердің жедел шешімі мен кәсіби жұмысының арқасында балалар жазылып, 9 күннен кейін үйлеріне шығарылды.
Дәрігерлер ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән беруге шақырады. Магнитті конструкторлар, ұсақ ойыншықтар мен магнит бөлшектері, әсіресе, кішкентай балалар үшін қауіпті. Сондықтан мұндай заттарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау және олардың қандай ойыншықтармен ойнайтынын үнемі бақылау қажет.
Магнит жұтқан балада бастапқыда ешқандай белгі байқалмауы мүмкін. Ол өзін жақсы сезініп, әдеттегідей ойнап жүруі де ықтимал. Алайда уақыт өте келе асқынулар дамып, іші ауырып, кебуі, жүрегі айнуы, құсуы, тәбеті төмендеуі мүмкін. Сондай-ақ бала мазасызданып, жиі жылауы, дене қызуы көтеріліп, үлкен дәреті бұзылуы ықтимал.
Дәрігерлердің ескертуінше, бала магнит жұтып қойғанына күдік болса, ешқандай белгі байқалмаса да, үйде бақылап уақыт жоғалтпай, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









