Ақтөбе облысында жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр. 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымының барысы және тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, өңірдегі барлық көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтамасыз етілген. Жылу қуаттары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Апаттық-қалпына келтіру бригадалары жасақталып, коммуналдық қызметтердің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылған. Бюджеттік ұйымдар қажетті отын қорымен толық қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар өрттің алдын алу және тұрғындардың иіс газынан улануына жол бермеу шаралары қаралды. Жергілікті атқарушы органдар мен бейінді қызметтер бірлесіп профилактикалық рейдтер жүргізуде. Әсіресе әлеуметтік осал топтағы отбасыларға баса назар аударылып отыр. Олардың үйлеріне иіс газын анықтайтын датчиктер орнату жұмыстары жалғасуда.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі Асхат Шахаров тұрғындар мен әлеуметтік нысандарды жылумен үздіксіз қамтамасыз етуді, инженерлік желілердің жай-күйіне мониторинг жүргізуді күшейтуді және тұрғындардың өтініштеріне жедел ден қоюды тапсырды.
«Жылумен қамту және отын қорының жеткіліктілігі мәселелері тұрақты бақылауда. Ықтимал тәуекелдерді дер кезінде анықтап, оларды жою бойынша қажетті шараларды қабылдау керек», – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ облыс әкімі жыл соңына дейін әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың үйлеріне иіс газын анықтайтын датчиктерді толыққанды орнатуды тапсырды. Бұдан бөлек, құрылғылардың жарамдылығын тұрақты тексеріп, істен шыққандарын уақытылы ауыстыру қажет.
Бейінді басқармалар мен аудан-қала әкімдіктеріне профилактикалық жұмыстарды күшейту, жылыту жүйелерінің, мұржалар мен электр желілерінің жай-күйін бақылау, сондай-ақ ауылдық өрт сөндіру бекеттерінің техникалық дайындығын қамтамасыз ету міндеттелді.
Берілген тапсырмалардың орындалуы - облыс әкімінің бақылауында.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








