Мемлекет басшысы Тәжікстан Президентімен келіссөз жүргізді

    Астанада Ақордада ресми сапармен келген Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.

    Жоғары мәртебелі мейманның құрметіне резиденция алдында еліміздің Әуе қорғанысы күштерінің тікұшақтары Қазақстан мен Тәжікстанның мемлекеттік тулары ілінген демонстрациялық ұшу жасады.

    Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон ресми делегация мүшелерін бір-біріне таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының командирі рапорт беріп, Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік әнұрандарын орындады.

    Одан кейін президенттер келіссөздер залына өтті.

    Тәжікстан басшысын қарсы алған Мемлекет басшысы оның сапары екі ел арасындағы айрықша құрмет пен шынайы достықтың көрінісі екенін атап өтті.

    – Бүгінде біз екі бауырлас мемлекет арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастық туралы толық негізбен айта аламыз. Ынтымақтастығымызда ешқандай проблема жоқ. Көпжақты байланыстарымызды одан әрі дамыту мақсатында қарастыруды және шешуді қажет ететін мәселелер бар. Біз жаңа мүмкіндіктер жасау, өзара тиімді жобаларды жүзеге асыру және қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау тұрғысынан тек алға қараймыз. Қазақ халқы бай тарихы, өзіндік мәдениеті мен ұлы рухани мұрасы бар ежелгі ұлт – тәжік халқына шынайы құрметпен және ерекше жылылықпен қарайды. Сіздің дана әрі көреген саясатыңыздың арқасында Тәжікстан дамудың көптеген саласында айтарлықтай жетістіктерге жетіп, ауқымды реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыруда. Бұл өзгерістердің нәтижесі экономиканың тұрақты өсуінен және халықтың әл-ауқатының артуынан көрініс табуда, – деді Қазақстан Президенті.

    Қасым-Жомарт Тоқаев барлық бағыт бойынша оң серпін көрсетіп отырған қазақ-тәжік қарым-қатынастарының даму деңгейін жоғары бағалады.

    – Үкіметтеріміз барлық уағдаластықты толыққанды жүзеге асыру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын атап өткім келеді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде тауар түрлері көбейіп, өнім жеткізу көлемі артып келеді. Теміржол көлігі арқылы жүк тасымалының экспорттық-импорттық көлемі де ұлғаюда. Іскерлік орта арасындағы байланыстар жанданды. Бизнес-форумдар мен арнайы сауда миссияларының қорытындысы бойынша қол жеткізілген коммерциялық уағдаластықтар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осының нәтижесінде жыл сайынғы өзара сауда айналымы 1 миллиард доллардан тұрақты түрде асып келеді. Соның арқасында Қазақстан Тәжікстанның ірі үш сауда серіктесінің қатарындағы орнын сақтап отыр, – деді Мемлекет басшысы.

    Президенттің айтуынша, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар да жүйелі түрде кеңейіп келеді.

    – Мәдениет күндері өзара өткізіліп, көрнекті тұлғаларға ескерткіштер ашылуда. Душанбеде Абайдың бюсті, ал Астанада Ибн Синаға арналған ескерткіш орнатылды. Білім беру саласы мен жастар саясаты бағытындағы ынтымақтастық жоғары деңгейде. Жастар, ғалымдар және зиялы қауым өкілдерінің форумдары ұйымдастырылып келеді. Сондықтан өзара ынтымақтастықта қол жеткізген нәтижелерімізді мақтан тұтуға және қуануға толық негіз бар. Бүгін біз өте маңызды іс-шараға қатысамыз. Ол – Астанада Тәжікстан елшілігінің жаңа ғимаратын ашу рәсімі. Оның өзі бір ғана ғимарат емес, тұтас кешен. Мұның бәрі әсерлі көрініс әрі Тәжікстанның біздің елімізде тұрақты негізде өкілдік ететінін білдіреді. Бұл, сөзсіз, бауырлас елдеріміз арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейін көрсетеді, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Өз кезегінде Тәжікстан Президенті екі ел арасындағы ынтымақтастықтың барлық негізгі бағыт бойынша қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, Қазақстан Тәжікстанның жетекші сауда-экономикалық серіктестерінің бірі саналады.

    – Биылғы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша елдеріміз арасындағы тауар айналымы 1 миллиард доллардан асты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 26 пайызға жоғары. Инвестициялық ынтымақтастық та жүйелі түрде дамып келеді. Бүгінде Тәжікстанда қазақстандық капиталдың қатысуымен 130-дан астам кәсіпорын тіркелген. Қазақстанда тәжік тарапының қатысуымен 580-нен астам кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде 500-і толығымен тәжік капиталына тиесілі. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Мәдени-гуманитарлық байланыстар да оң серпінін сақтап отыр. Мәдени, білім беру және академиялық алмасулар тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Бүгінгі ортақ міндетіміз – стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды жаңа практикалық нәтижелермен толықтыру. Жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың жүйелі орындалуын қамтамасыз ету маңызды. Бүгінгі келіссөздер өзара іс-қимылдың барлық бағытын одан әрі дамыту жөніндегі нақты қадамдарды айқындауға мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деді Эмомали Рахмон.

    Келіссөздер барысында сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейту, көлік және логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, өнеркәсіп және цифрландыру салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды.

    Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың басым бағыттарын айқындайтын Бірлескен мәлімдеме қабылдады.

    Мемлекеттер басшыларының қатысуымен ресми делегация мүшелері төмендегі үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттармен алмасты:

    1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Тәжікстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Шекара әскерлері үшін кадрлар даярлау саласындағы келісім;

    2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы электр энергетикасы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

    3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы тау-кен және тау-кен металлургиясы салаларындағы жобаларды дамыту мақсатында ұзақ мерзімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту және тереңдету туралы келісім;

    4. Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы тауар айналымын 2030 жылға дейін ұлғайту жөніндегі жол картасы;

    5. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Тәжікстан Республикасының Бас прокуратурасы арасындағы әріптестік және ынтымақтастық туралы меморандум;

    6. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Әлеуметтік сақтандыру және зейнетақы агенттігі арасындағы зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы ақпараттық ынтымақтастық туралы келісім;

    7. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Тәжікстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігі арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

    8. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен Тәжікстан Республикасының Энергетика және су ресурстары министрлігі арасындағы мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы ынтымақтастық туралы негіздемелік келісім;

    9. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Тәжікстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы 2027–2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі жол картасы;

    10. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Тәжікстан Республикасының Өнеркәсіп және жаңа технологиялар министрлігі арасындағы өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру жөніндегі 2027 жылға арналған өзара іс-қимыл жоспары;

    11. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Тәжікстан Республикасының Мемлекеттік қаржылық бақылау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

    12. Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Тәжікстан Республикасы Президенті жанындағы Инновациялар және цифрлық технологиялар агенттігі арасындағы жасанды интеллект саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;

    13. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Тәжікстан Республикасы Президенті жанындағы Инновациялар және цифрлық технологиялар агенттігі арасындағы электрондық коммерция жүйесін дамыту саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

    14. Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының «Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені» ШЖҚ РМК мен Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Теледидар және радио комитеті арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "«Қостанай облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті»" жаңалықтары