Ақтөбе облысында балаларға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бұл жолы Ақтөбе қаласындағы Хиуаз Доспанова атындағы №14 мектепте оқушыларға арналған жаңа стоматологиялық кабинет іске қосылды.
Мектепте 1 400-ге жуық оқушы білім алады. Енді олар тіс дәрігерінің көмегіне мектеп қабырғасынан жүгіне алады. Бұл, әсіресе, тіс ауруларын ерте анықтап, асқынудың алдын алуға мүмкіндік береді.
Жаңа кабинет стоматологиялық қызмет көрсетуге қажетті заманауи жабдықтармен қамтылған. Атап айтқанда, стоматологиялық кресло, ультрадыбыстық скейлер, турбиналық және бұрыштық ұштықтар, AirFlow аппараты мен қажетті медициналық құралдар орнатылған.
Қабылдауды білікті мамандар дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 09:00-ден 13:00-ге дейін жүргізеді. Ал тісі қатты ауырған жағдайда мектептің кез келген оқушысы маманның көмегіне жүгіне алады.
Мектептегі стоматологиялық кабинеттің басты мақсаты – тек ауырған тісті емдеу емес, балалар арасында ауыз қуысы ауруларының алдын алу мәдениетін қалыптастыру. Уақытылы тексерілу, тіс гигиенасын сақтау және дұрыс күтім жасау дағдылары баланың денсаулығын нығайтуға ықпал етеді.
Осылайша, мектептерде стоматологиялық кабинеттер желісін кеңейту балаларға медициналық көмекті қолжетімді етіп, профилактикалық жұмысты білім беру ұйымдарының өзінде жүргізуге жол ашады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









