Облыс әкімі балалардың құқықтарын қорғау бағытында нақты нәтиже көрсетуді талап етті

    1 / 5

    Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау және профилактикалық жұмыстарды жетілдіру мәселелері Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.

    Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Амангелді Қонақбаевтың мәліметінше, жылдың 10 айында мамандар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тәрбиеленіп жатқан отбасыны аралаған. Сапар барысында отбасылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы бағаланып, олардың қажеттіліктері мен балалар құқықтарының сақталуы зерделенді. Жеке жұмыс жүргізу нәтижесінде 22 бала ата-анасының тәрбиесіне қайтарылды.

    Балалардың қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға, психологиялық қолдау көрсетуге және ықтимал қауіп-қатерлерді ерте анықтауға көңіл бөлінуде. 2026–2027 оқу жылының басынан бастап білім беру ұйымдарында психологиялық тәуекелдерді дер кезінде анықтап, балаларға қажетті көмек көрсетуге мүмкіндік беретін «Balazhan» платформасы енгізілді. Сонымен қатар мектептерде «111» байланыс орталығына жедел хабарласуға арналған QR-кодтар орналастырылды.

    Баяндама талқылауынан соң, облыс әкімі Асхат Шахаров балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстың формалды есептермен емес, нақты нәтижелермен бағалануы керектігін атап өтті.

    «Балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау жұмысы формалды есептермен емес, нақты нәтижелермен бағалануы тиіс. Мектеп директорлары, педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтердің жауапкершілігін арттырып, ерекше назар аударуды қажет ететін әр баламен жеке жұмыс жүргізу қажет. Отбасылардағы қолайсыз жағдайларды, зорлық-зомбылық пен буллинг фактілерін дер кезінде анықтауға айрықша мән берілуі керек», – деді өңір басшысы.

    Жиын қорытындысында білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер және әлеуметтік қорғау салалары арасындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, білім беру ұйымдарының басшылары мен балалармен жұмыс істейтін мамандардың жауапкершілігін арттыру тапсырылды.

    Сонымен қатар «Қазақстан балалары» 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының өңірлік іс-шаралар жоспарын сапалы жүзеге асыру міндеттелді. Бұдан бөлек, Ақтөбе қаласында қорғаншылық және қамқоршылық мәселелері жөніндегі дербес бөлім құру, сондай-ақ аудандық білім бөлімдері жанынан тиісті секторлар ашу мәселесін пысықталуы тиіс.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының әкімдігі" жаңалықтары