Ақтөбеде жас зерттеушілердің облыстық байқауы өтуде

    1 / 8

    Ақтөбеде 2–8 сынып оқушылары арасында өтетін «Зерде» республикалық конкурсының облыстық кезеңіне 456 оқушы қатысуда. Жас зерттеушілер екі күн бойы өздерінің 334 ғылыми және шығармашылық жобасын қазылар алқасының назарына ұсынып, үздік жұмыстар республикалық кезеңге жолдама алу үшін бақ сынайды.

    Байқау №80 мектеп базасында ұйымдастырылған. Биылғы конкурс жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарды қамтитын 12 секция бойынша өтуде. Қатысушылардың 210-ы – ауыл мектептерінің оқушылары. Бұл өңірдегі ғылыми ізденіске деген қызығушылықтың қала мектептерімен шектелмейтінін көрсетеді.

    Жобаларды жоғары оқу орындары мен колледждердің 36 маманынан құралған қазылар алқасы бағалайды. Сарапшылар зерттеу жұмыстарының ғылыми мазмұнына, жаңашылдығына, шығармашылық ізденісіне және практикалық маңыздылығына басымдық береді.

    Биылғы байқау Республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы бекіткен жаңартылған ережеге сәйкес ашық көрме форматында ұйымдастырылуда. Мұндай формат оқушыларға өз зерттеулерін таныстырып қана қоймай, идеяларын сарапшылар алдында қорғауға мүмкіндік береді.

    Конкурс қорытындысы бойынша қатысушылардың 45 пайызы «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдарымен марапатталады. Барлық қатысушыларға сертификаттар табысталады. Үздік деп танылған жобалардың авторлары республикалық кезеңге жолдама алады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының әкімдігі" жаңалықтары