Темір ауданында Республика күні мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Елге құрмет – ерге міндет» атты облыстық ақындар айтысы өтті. Ұлттық өнерді ұлықтап, елдік сана мен рухты жырмен асқақтатқан сөз додасы өңір ақындарының басын қосты.
Айтысқа Ақтөбе облысының қалалары мен аудандарынан 12 ақын қатысып, екі айналымда бақ сынады. Сөз сайысында ақындар Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері мен келешегін, ел бірлігі мен ұлттық құндылықтарды, қазақ тілі мен мәдениетін, туған жер тарихын, Темір өңірінің өткені мен бүгінін, тарихи тұлғалары мен еңбек адамдарының өнегесін өлеңге арқау етті.
Облыстық айтысты темірлік ақын, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Марат Ахметов жүргізді.
Ақындардың өнеріне Оралбай Кәметияұлы, Орал-Қосай Байсеңгір, Жұлдыз Қожабекова, Аян Сейітов пен Ершат Қайболдин сынды өнер майталмандарынан құралған қазылар алқасы баға берді.
Жыр додасының қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен:
Бас жүлде – Жәнібек Бейбітов (Ақтөбе қаласы);
І орын – Нартай Тілеуқұл (Темір ауданы);
ІІ орын – Аруна Керімбек (Шалқар ауданы);
ІІІ орын – Елшат Әуезхан (Байғанин ауданы), Айболат Көшкінбай (Ойыл ауданы), Айбат Бекжанов (Ырғыз ауданы).
Жүлдегерлермен қатар, айтысқа қатысқан өзге де ақындарға ынталандыру сыйлықтары табысталып, барлық қатысушыға қаржылай сертификаттар берілді. Сонымен қатар бекітілген жүлде қорынан бөлек, Темірдің азаматтары да өнер иелеріне арнайы қосымша жүлделер тағайындап, ұлттық өнерге қолдау көрсетті.
Сөздің киесін, жырдың қасиетін ұлықтаған бұл айтыс ұлттық өнердің ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, ел рухын асқақтата беретінін тағы бір мәрте көрсетті.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









