Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжі 55 жылдық мерейтойын атап өтті

    1 / 10

    1971 жылы музыкалық училище ретінде ашылған Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжі өңірдің музыкалық мәдениетінің маңызды орталығына айналды. Осы уақыт аралығында оқу орнынан үш мыңға жуық маман түлеп шығып, еліміздің және шетелдердің мәдениет пен білім беру саласында еңбек етіп жүр. Олардың қатарында әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген де бар.

    Мерейтойлық іс-шаралар мәдениет қайраткерлерін, білім беру саласының ардагерлерін, оқытушыларды, студенттерді, түлектер мен құрметті қонақтарды біріктірді.

    Бағдарлама консерваторияларда оқытушы болып еңбек етіп жүрген колледж түлектері мен Башқұртстаннан келген қонақтардың қатысуымен өткен баспасөз конференциясынан басталды. Кездесуде қатысушылар студенттік жылдардағы естеліктерімен бөлісіп, кәсіби қалыптасу жолдары мен шығармашылық жетістіктері туралы әңгімеледі.

    Одан кейін қазақтың көрнекті композиторлары Ахмет және Ғазиза Жұбановтардың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Қатысушылар қазақ музыка өнерінің дамуына зор үлес қосқан тұлғалардың рухына тағзым етті.

    Мерейтойдың негізгі салтанатты шарасы Өнер орталығының сахнасында өтті. Облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева колледж ұжымын облыс әкімі атынан құттықтап, айтулы датаға орай оқу орнына 100 миллион теңгенің сертификаты табысталғанын жеткізді.

    Мерекелік кеште колледж оқытушылары мен студенттері арнайы концерттік бағдарлама ұсынды. Музыкалық қойылымдар жас өнерпаздардың орындаушылық шеберлігі мен оқу орнының шығармашылық әлеуетін танытты.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының әкімдігі" жаңалықтары