Ақтөбе облысында Ізімбет ауылы мен Ембі қаласы арасындағы 40 шақырым автожолға орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Жаңартылған жол пайдалануға берілді.
Көп жылдан бері бұл жолдың жағдайы жергілікті тұрғындар мен жүргізушілерді алаңдатып келген еді. Жол жабынының тозуы мен шұңқырлардың көптігі көлік қозғалысын қиындатты. Енді аталған учаске жаңартылып, қатынау әлдеқайда қолайлы әрі қауіпсіз бола түсті.
Айта кетейік, бұл бағыттағы жолды жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Былтыр Қандыағаш қаласынан Ізімбет ауылына дейінгі жол учаскесі жөнделген еді.
Республикалық маңызы бар KZ04-02 «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» автожолы 1960–1970 жылдары салынған. Жалпы ұзындығы – 401 шақырым. Бұл жол өңірдегі елді мекендер арасындағы көлік қатынасы үшін маңызды логистикалық бағыт саналады.
2023–2025 жылдары аталған автожолдың 155 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Ырғыз ауданында – 10 шақырым, Қотыртас ауылынан Шалқар қаласына дейінгі учаскеде – 95 шақырым, Қандыағаш қаласынан Ізімбет ауылына дейінгі аралықта 50 шақырым жол жөнделді.
Осылайша, жол инфрақұрылымындағы тағы бір өзекті мәселе шешімін тапты. Өңірдегі автомобиль жолдарын жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









