Ойыл ауданында тары өсіруден әлемдік рекорд орнатқан даңқты диқан, еңбек адамы Шығанақ Берсиевтің туғанына 145 жыл толуына орай бірқатар мерейтойлық іс-шара өтті.
Мерейтой аясында Шығанақ Берсиев атындағы ауылдық округтің орталығы Қаратал ауылында Шығанақ Берсиев ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылды.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров ұлы диқанның ұрпақтары, ауыл ақсақалдары және жергілікті қоғам өкілдерімен бірге ескерткішке гүл шоқтарын қойып, оның рухына тағзым етті.
«Қазақ «Еңбек ер атандырады» деп бекер айтпаған. Шығанақ атамыз – осы сөздің өмірдегі айқын дәлелі. Қарапайым диқанның қажыр-қайраты мен маңдай тері оны әлемге танытты. 1943 жылы әр гектардан 201 центнер тары жинап, дүниежүзілік рекорд орнатуы – ел басына күн туған ауыр кезеңдегі ерен еңбек ерлігі. Ол қара жерден несібе теріп, елдің ырысын еселеді. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев адал еңбекті дәріптеуге, еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыруға ерекше мән беріп келеді. Шығанақ Берсиевтің өмір жолы осы басымдықтармен толық үндеседі. Өйткені елді өркендетіп, туған жердің байлығын еселейтін – адал еңбек. Біздің міндетіміз – ұлы диқанның мұрасын сақтау, тары шаруашылығын дамыту және оны Ақтөбе облысының брендтерінің біріне айналдыру. Біз Шығанақ Берсиевтің есімін ұлықтап қана қоймай, оның игілікті ісін жалғастыруымыз керек», – деді Асхат Шахаров салтанатты шарада.
Бүгінде Ақтөбе облысында тарыны өңірдің ауыл шаруашылығы брендтерінің бірі ретінде таныту, егіншілік дәстүрін сақтау және жинақталған тәжірибені жас ұрпаққа жеткізу бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Еңбек дәстүрінің сабақтастығы Ойыл ауданының бүгінгі тұрғындарының қызметінен де көрініс тауып отыр. Облыс әкімі Асхат Шахаров ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі үшін мал шаруашылығымен айналысатын қарапайым еңбек адамдары Дәурен Нәбиев пен Сисенбай Тлегеновті, «Ауыл аманаты» бағдарламасының қатысушысы, кәсіпкер Әлия Исимғалиеваны, жылқы өсірушілер Жандос Ғалякбаров пен Еркебұлан Сиражды, «Медина» кафесінің иесі Мирамбек Кенжебаевты және сүт өнімдерін өндіруші Қызғалдақ Сапарованы алғыс хатпен марапаттады.
Мектепте Серікқали Байменшенің «Жерде жанған жұлдыз» кітабының таныстырылымы өтіп, даңқты диқанның өмірі мен еңбек жолына арналған тақырыптық көрме ұйымдастырылды.
Мерейтой аясында «Қаратал» спорт кешенінде қазақ күресі, тоғызқұмалақ және волейболдан жарыстар өтті. Қатысушылар Көкжар жәрмеңкесінің тарихымен де танысты.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









