2026 жылғы 6-8 қараша аралығында Дубайда Қазақстан кино апталығы ( Kazakhstan Film Week) өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Дубайдағы Бас консулдығы Dubai Media Council-мен бірлесіп, серіктестердің қолдауымен ұйымдастырды.
Іс-шара Қазақстан Республика күніне орай ұйымдастырылып, еліміз Тәуелсіздігінің 35 жылдығын мерекелеу аясында өтті. Көрсетілімдер әлемдегі ең ірі сауда және ойын-сауық орталықтарының бірі – Dubai Mall сауда орталығындағы Reel Cinemas кинотеатрында өтті. Кино апталығы мерекелік іс-шаралардың жалғасы болды: бұған дейін, 25 қазанда, Бурдж-Халифа ғимараты Қазақстанның мемлекеттік туының түстерімен жарықтандырылды.
Кино апталығының негізгі мақсаты – қазақстандық киноны шетелде насихаттау, Дубай тұрғындары мен қонақтарын Қазақстанның заманауи мәдениетімен таныстыру, сондай-ақ мәдени ынтымақтастықты нығайту.
Кино апталығының салтанатты ашылуына Дубайдың мемлекеттік органдарының, дипломатиялық корпустың, іскерлік және мәдениет салаларының өкілдері, сондай-ақ Қазақстан қауымдастығы қатысты.
Қонақтарға Қазақстан Республикасының Дубайдағы Бас консулы Алмаз Тасболат пен Dubai Media Council медиа саласын дамыту бойынша бас атқарушы директоры Хешам Әл Олама құттықтау сөз сөйледі.
Салтанатты рәсім барысында екі ел арасындағы мәдени алмасудың және, соның ішінде кино мен креативті индустриялар саласындағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығы атап өтілді. Қазақстан тарапынан ұлттық мәдениет пен креативті индустрияларды дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екені және бұл мәселеге Мемлекет басшысы ерекше көңіл бөлетіні айтылды. Хешам Әл Олама Қазақстан тарапын Республика күнімен құттықтап, мәдениет пен кино халықтар арасында көпір орнатып, өзара түсіністікті нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Кино апталығы көрнекті қазақ композиторы Шәмші Қалдаяқовтың әндеріне негізделген «Бақыт құшағында» ( Embrace of Happiness) фильмінің көрсетілімімен ашылды. Фильмді көрермендерге оның режиссері әрі продюсері Санат Шапашов таныстырды.
7 қарашада фильм Қазақстан қауымдастығы мен Дубай тұрғындары үшін қайта көрсетілді.
8 қарашада кино апталығы сценарист әрі продюсер Максим Ақбаров көрермендерге таныстырған «Алға» ( The Start) фильмінің көрсетілімімен аяқталды.
Ашық көрсетілімдер халықаралық аудиторияны заманауи қазақ киносымен таныстырып, Дубайда тұратын отандастарымыздың мәдени жүздесуіне мүмкіндік берді.
Бағдарламаға Air Astana әуе билеттерінің ұтыс ойындары ерекше көңіл күй сыйлады. Ұтыс ойындары кино апталығының үш күнінде де көрермендер арасында өткізілді.
Дубайда Қазақстан кино апталығын өткізу Қазақстан мен БАӘ арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың дамып келе жатқанын тағы бір мәрте көрсетті. Мұндай бастамалар Қазақстан мәдениетін халықаралық деңгейде танытуға, екі елдің шығармашылық индустрия өкілдері арасындағы байланыстарды кеңейтуге және халықтар арасындағы достықты нығайтуға ықпал етеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








