Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданының Алқатерек ауылында «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында өрт сөндіру бекеті ашылды. Нысан Алқатерек және Ащыкөл ауылдарының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бекеттің қорғау аймағында 193 аула бар, онда 746 адам тұрады.
Өрт сөндіру бекеті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінің базасында құрылған.
Құралымның иелігінде өрт сөндіруге және құтқару жұмыстарын жүргізуге қажетті жабдықтармен толық қамтылған өрт сөндіру автоцистернасы бар. Міндеттерді орындауға 6 ерікті өрт сөндіруші дайындалған.
Бекеттің жұмысы ауылдық елді мекендердің өрт қауіпсіздігін күшейтуге, өртке жедел ден қоюға және кәсіби өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін тұрғындарға уақтылы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Ерікті өртке қарсы құралымның ашылуы ауданның өрт қауіпсіздігі жүйесін нығайтуға, ауыл тұрғындарының өмірі мен мүлкін қосымша қорғауға үлес қосады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








