Семей қаласын дамыту жобаларының орындалу барысы талқыланды

    1 / 10

    Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен Семей қаласын дамыту бойынша арнайы жиын өтті. Онда «Абайға құрмет» акциясы аясында облыстардың қолдауымен және инвесторлар есебінен салынып жатқан нысандардың қазіргі жағдайы, жобалау-сметалық құжаттамалардың әзірленуі, әкімшілік-іскерлік орталықтың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы, сондай-ақ, жол және инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселелері қаралды.

    Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша құрылыс, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары басшылары мен Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаев баяндады.

    Жиында жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтағы құрылыс нысандарын электр, жылу, су және кәріз желілерімен қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударылды. Сонымен қатар жаңа орталықта бой көтеретін ғимараттардың сәулеттік келбетін заманауи талаптарға сәйкестендіру қажеттігі айтылды.

    Күн тәртібінде Үкімет қаулысымен мердігерлері айқындалған, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, Семей қаласы әкімдігінің құзыретіндегі жобалардың орындалу барысы да қаралды.

    Жиында аймақ басшысы жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтың құрылысын жоспарлы әрі кешенді түрде жүргізудің маңызына тоқталды.

    «Жаңа әкімшілік-іскерлік орталықты дамытуда әрбір мәселені алдын ала ескеруіміз керек. Құрылыс нысандары бой көтергеннен кейін инженерлік инфрақұрылым мәселесі туындамауы тиіс. Электр, жылу, су және кәріз желілерінің құрылысы ғимараттармен қатар жүргізілуі қажет. Сонымен бірге жаңа орталықтың сәулеттік келбеті заманауи талаптарға сай болуы керек. Әрбір жобаның сапасы мен орындалу мерзімі жауапты басқармалар мен қала әкімдігінің тікелей бақылауында болуы тиіс», – деді Берік Уәли.

    Жиын қорытындысында жауапты басқармалар мен Семей қаласының әкімдігіне жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеуді жеделдету, құрылыс нысандарын инженерлік желілерге қосу мәселелерін шешу және мердігер ұйымдардың жұмысын үйлестіру жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Сондай-ақ, жобалардың орындалу барысын тұрақты бақылауда ұстау міндеттелді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының әкімдігі" жаңалықтары