Облыс әкімі «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» Айгүл Оспановамен кездесті

    1 / 5

    Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағының иегері, математика пәнінің мұғалімі Айгүл Оспановамен кездесті.

    Айгүл Төлегенқызы Оспанова 1989 жылдан бері Ақсуат ауданындағы Қожагелді батыр атындағы орта мектепте математика пәнінен сабақ беріп келеді. 36 жылдан астам уақытын ұстаздық қызметке арнаған педагог осы жылдар ішінде талай шәкірттің білім нәрімен сусындауына, олардың түрлі деңгейдегі олимпиадалар мен байқауларда жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне ықпал етті.

    Ол PISA халықаралық зерттеуіне дайындыққа арналған тапсырмалар жинағын әзірлеуге қатысып, математика пәнін оқыту әдістемесін жетілдіруге бағытталған бірнеше авторлық бағдарламаның авторы атанды. Сонымен қатар педагогикалық тәжірибесін әріптестерімен бөлісіп, облыстық және республикалық деңгейдегі кәсіби байқауларда жоғары нәтиже көрсетті.

    Кездесу барысында білім беру саласының өзекті мәселелері, ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыру, оқушылардың математикалық сауаттылығын дамыту және халықаралық зерттеулерге дайындық жұмыстары талқыланды.

    Облыс әкімі ұстаздың ұзақ жылғы еңбегі мен білім саласына қосқан үлесін ерекше атап өтіп, Ұстаздар күні мерекесінде Мемлекет басшысының қолынан алған мемлекеттік наградамен құттықтады.

    «Құрметті Айгүл Төлегенқызы! Сіздің Мемлекет басшысының қолынан алған жоғары марапатыңыз – баршамыз үшін үлкен мақтаныш. Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген тағылымды сөзі бар. Сіздің өмір жолыңыз бен кәсіби тәжірибеңіз – жас мамандарға үлгі-өнеге. Сіз олардың бойына білім мен тәжірибе сіңіріп қана қоймай, адал еңбек пен табандылықтың арқасында биік белестерді бағындыруға болатынын өз ісіңізбен көрсеттіңіз. Өңіріміздің білім саласына, жас ұрпақ тәрбиесіне және туған өлкенің дамуына қосқан елеулі үлесіңіз үшін облыс жұртшылығы атынан шынайы алғысымды білдіремін», – деді Берік Уәли.

    Айгүл Төлегенқызы өз сөзінде Мемлекет басшысының қолынан марапат алу үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.

    «Осы жылдар ішінде математика пәнінен талай шәкірт тәрбиелеп, олардың сапалы білім алуына өз үлесімді қостым. Президенттің қолынан марапат алу – мен үшін үлкен мәртебе, зор жауапкершілік. Ауыл балаларына сапалы білім, саналы тәрбие беру жолындағы жұмысымды жалғастыра беремін», – деді ол.

    Айта кетейік, биыл Ұстаздар күніне орай Астана қаласында өткен салтанатты рәсімде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Айгүл Оспановаға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын табыстады. Бұл – оның білім беру саласындағы 36 жылдық қажырлы еңбегіне берілген жоғары мемлекеттік баға.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының әкімдігі" жаңалықтары