КРЕАТИВТІ ХАБТА БАЛАЛАР ҚОЛӨНЕРГЕ МАШЫҚТАНУДА

    1 / 4

    Қазақ халқының қолөнері – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл мұра. Бүгінде осы өнерді жас ұрпаққа үйрету мәдени мұраны сақтаумен қатар, балалардың шығармашылық қабілетін дамытып, еңбекке баулудың тиімді тәсіліне айналып отыр. Әсіресе, ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін қолөнердің берері мол. Креативті хабта ұйымдастырылатын шеберлік сабақтары осы бағыттағы жұмыстардың маңызын айқындай түседі.

    Шымкент қаласы Білім басқармасына қарасты Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернатының педагог-зерттеушісі Гаухар Токкулаева бір жылдан бері оқушыларын Креативті хабқа алып келіп, ұлттық қолөнердің қыр-сырын үйретіп жүр.

    — Әр бейсенбі сайын балаларға қолөнердің жаңа түрін үйретуге тырысамыз. Негізінен, жүнмен жұмыс істейміз. Оны тарау, бояу, түрлі түсті жүннен сурет жасау әдістерін көрсетеміз. Өз қолдарымен түрлі бұйым жасап үйренген соң, оны сатуға да болады. Түскен қаражатқа өздеріне қажетті бұйымдар сатып алады, – дейді педагог.

    Ұлттық өнерді дәріптеу, балаларды еңбекке баулу және олардың шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту бір-бірімен тығыз байланысты. Креативті хабтағы мұндай сабақтар балаларға жаңа дағдыларды меңгеруге жол ашып, өз қабілетіне сенуге үйретеді. Ең бастысы, әр баланың бойындағы мүмкіндікті байқап, оны дамытуға жағдай жасайды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    ""Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы" КММ" жаңалықтары