Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында қолданбалы өнер шеберлерінің «Халық мұрасы – халық қазынасы» атты көрме-жәрмеңкесі өтуде. Көрмеге Қазақстанның әр өңірінен келген жетпіске жуық халық қолөнері шебері өз туындыларын көпшілік назарына ұсынды.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің басын қосқан ауқымды көрмеден жүн мен киізден, қыштан жасалған бұйымдарды, күмістен соғылған ұлттық нақыштағы сан алуан әшекейлерді көруге болады. Сонымен қатар, түрлі ою-өрнекпен безендірілген, сан алуан үлгіде тігілген көрпелер де келушілердің назарын аударды.
«Бүгінгі көрме-жәрмеңке – халқымыздың шығармашылық мұрасының бір бөлігі. Оған қаламыздың, сондай-ақ, Түркістан және Жамбыл облыстарының, Алматы мен Тараз қалаларының қолөнершілері қатысуда. Жобаның басты мақсаты – ұлттық дәстүрлі мәдениет пен қолөнерді кеңінен насихаттау. Біз ұлттық құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманат етуге міндеттіміз. Өйткені салт-дәстүр – халықтың рухани өзегі. Мұндай жәрмеңкелер төл қолөнерімізді жаңғыртып қана қоймай, мәдени байланыстарды да нығайтады», – деді Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Ондасынова.
Дәстүрлі қолөнер – музей сөрелерінде сақталатын жәдігерлер ғана емес, ол – халықтың жан дүниесін, дүниетанымы мен сан ғасырлық тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін рухани шежіре. Көрменің басты мақсаты – көне қолөнер түрлерін жаңғырту, ұлттық болмысты сақтау және ұрпақтар сабақтастығын нығайту. Әрбір бұйымның артында ата кәсіпті жалғастырып, ұрпақтар арасындағы байланысты, эстетикалық талғам мен отбасылық жылылықты сақтап жүрген шеберлердің маңдай тері мен қажырлы еңбегі жатыр.
Көрме-жәрмеңкеде қала тұрғындары өздеріне ұнаған бұйымдарды сатып алды. Мұндай мәдени іс-шаралар ұлттық мұраны ұлықтаумен қатар, өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесіне де зор үлес қосады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









