Шымкенттік жас волейболшылар Павлодарда өткен республикалық жарыста күміс жүлдегер атанды. Бүгін таңертең Шымкент теміржол вокзалында күміс жүлдемен оралған «Жасқанат» жекеменшік волейбол академиясының тәрбиеленушілерін салтанатты түрде қарсы алу іс-шарасы өтті. Команда Қазақстан біріншілігінің екінші турында екінші орынға ие болып, келесі республикалық жарысқа жолдама алды.
Жас спортшыларды қарсы алуға ата-аналары, жақындары, достары, жанкүйерлері мен академия өкілдері жиналды. Аккордеон мен домбыраның сүйемелдеуімен ұлттық әуендер шырқалды.
«Жасқанат» академиясының жаттықтырушысы Дәулет Пернебаевтың айтуынша, Павлодардағы нәтиже шәкірттеріне спорттағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.
«Павлодарда 13 команда бақ сынады. Біз екінші орынға ие болдық. Финалда Талдықорған қаласының командасына есе жібердік. Сәл ғана сәттілік жетіспеді. Дегенмен, ең бастысы – Қазақстан біріншілігіне жолдама алдық. Жарыс қаңтар айының басында Қостанай немесе Астана қаласында өтеді деп жоспарланып отыр. Шәкірттерімнің арасынан біреуін ерекше бөліп-жара алмаймын. Мен үшін әр ойыншы маңызды, әрқайсысының командада өз орны бар», – деді академия жаттықтырушысы.
Жасөспірім ұлдармен бірге академияның қыздар командасы да елге оралды. Олар үшін Павлодардағы жарыс тәжірибе жинақтап, өз мүмкіндіктерін сынауға жақсы мүмкіндік болды.
Академия өкілдері де шәкірттерінің жетістігін ерекше мақтанышпен қарсы алды. Академия меңгерушісі Тұрсынай Пірматованың айтуынша, жас спортшылардың жетістігі – балалардың, жаттықтырушының және ата-аналардың бірлескен еңбегінің нәтижесі. Ол балалар спортының дамуына үлес қосып жүрген барша жанға алғысын білдірді.
Алда «Жасқанат» академиясының тәрбиеленушілері келесі жарыстарға дайындыққа кіріседі. Павлодарда жеңіп алған күміс жүлде команда үшін маңызды жетістік болды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









