ТУРИЗМ САЛАСЫНДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАРДЫҢ ЕСЕБІ ТЫҢДАЛДЫ

    1 / 7

    Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, онда қалада туризм, сәулет және қала құрылысы саласында атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар талқыға түсті. Жиында Шымкент қаласы туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия, сәулет және қала құрылысы басқармасының атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды.

    Алдымен Қоғамдық кеңестің бос тұрған екі орнына резервтік тізімнен екі азамат — Ахмет Татыбаев пен Нұркен Әлімқұлов мүшелікке қабылданды. Кеңес төрағасы Б.Парманов оларға куәліктерін табыс етті.

    Кезекті басқосуда Шымкент қаласы туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Әділханов баяндама жасап, жыл басынан бері жүзеге асқан жұмыстардан хабардар етті. Оның айтуынша, өткен жылы қалаға келген туристер саны 550 мыңнан асқан. Жыл басынан бері 5 қонақүйдің құрылысы аяқталса, қазіргі уақытта 8 қонақүйдің құрылысы жүргізілуде. Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан биыл 2 нысанды қайта құру туралы келісім алынған.

    Кеңес мүшелері атқарылған жұмыстарды оң бағалап, бірқатар мәселелерді назарға алды. Айталық, цитадель аумағынан астрономия үйірмесін ашу, айналаны шолу құрылғысын орнату, қалада санитарлық-гигиеналық тораптар жобасын көбейту жөнінде бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Өз кезегінде басқарма басшысы ұсыныстарды зерделеу жүргізілетінін мәлімдеді.

    Сондай-ақ, қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Әлімжан Ілесбеков жыл басынан бері шаһарда атқарылған жұмыстарға тоқталды.

    Есепті тыңдаған кеңес мүшелері қалаға кіреберісте сәулеттік нысандарды жақсарту, жаңадан салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің аумағында серуендейтін гүлзарларды көбейту жөнінде ұсыныстарын айтты.

    Кезекті отырыста Кеңес мүшелері аталған салалардағы жұмыстарды оң бағалап, бірқатар мәселелерді шешу бойынша ұсыныстар берді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    ""Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы" КММ" жаңалықтары