ӨНЕРІМЕН ӨРІЛГЕН ҒҰМЫР

    1 / 5

    Гобелен – ұлттың тарихын, болмысын, рухани дүниесін көркем тілмен жеткізетін өнер. Осы өнердің қазақ топырағында қалыптасып, өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан суретші Батырбек Өтептің туғанына биыл 80 жыл толды. Осы айтулы мерекеге орай Шымкент қаласындағы Концерттік-көрме орталығында «Өнерімен өрілген ғұмыр» атты еске алу іс-шарасы өтті. Жиынға зиялы қауым өкілдері, өнер майталмандары, мәдениет саласының қызметкерлері, суретшінің отбасы мүшелері, қала тұрғындары мен жастар жиналды. Басқосудың мақсаты – қазақ гобелен өнерінің дамуына тың серпін берген шебердің шығармашылық жолын таныстырып, артында қалған құнды мұрасын кеңінен насихаттау.

    Іс-шара көрме тамашалаудан басталды. Мұнда суретшінің 34 гобелен туындысы мен өмірінің әр кезеңінен сыр шертетін 20 суреті ұсынылды. Көрмеге қойылған еңбектерден шебердің өзіндік қолтаңбасы, ұлттық нақыштарға деген ықыласы мен көркемдік ізденісі айқын байқалады.

    Жиында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек сөз сөйлеп, қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің құттықтау хатын оқып берді. Құттықтау хатта суретшінің шығармашылығы ұлттық болмыс пен рухани құндылықтарды дәріптеп, қазақ өнерінің өрісін кеңейтуге үлес қосқаны атап өтілген.

    – Батырбек Өтептің шығармашылығы ұлттық болмысымыз бен рухани құндылықтарымызды дәріптеп, қазақ өнерінің өрісін кеңейтуге зор үлес қосты. Бүгінгі көрменің Шымкент қаласы үшін маңызы ерекше. Суретшінің мол мұрасы мен қайталанбас туындылары келер ұрпаққа жетіп, ұлттық өнеріміздің дамуына қызмет ете беретініне сенімдімін. Осы орайда, Батырбек Туғанбайұлының шығармашылық мұрасын сақтап, оны кейінгі ұрпаққа таныту жолында еңбек етіп жүрген суретшінің жары Бибіайша Өтепке шынайы алғысымды білдіремін. Сізге шығармашылық шабыт, мықты денсаулық, отбасыңызға амандық тілеймін! – делінген құттықтау хатта.

    Қала әкімінің құттықтау хатынан кейін Сәрсен Абайұлы суретшінің шығармашылық жолындағы отбасы қолдауының маңызына тоқталды

    – Өнер адамдарының шығармашылық жолында қандай қиындықтарға кезігетінін көпшілік біле бермейді. Қылқаламын серік етіп, қазақтың гобелен өнерінің дамуына үлес қосқан Батырбек атамыздың қаншама ұйқысыз түндері мен тынымсыз күндері болғанын оның жанындағы жары ғана жақсы біледі. Өнер туындысының артында үлкен ізденіс пен маңдай тер ғана емес, жақындарының қолдауы да тұрады. Бибіайша апамыздың қамқорлығы мен қолдауының арқасында талай құнды туынды дүниеге келді. Сондықтан суретшінің шығармашылық мұрасын сақтап, оны елге таныту жолындағы Бибіайша апамыздың еңбегін ерекше бағалауымыз керек», – деді қала әкімінің орынбасары.

    Кеш барысында суретшінің жары Бибіайша Өтеп Батырбек Өтептің өмірлік серігі ғана емес, өзіне ұстаз болғанын айтып, оның адамгершілік қасиеттерін еске алды.

    – Батырбек маған өзінен кейінгі аманат етіп осы мұрасын қалдырды. Ол менің ұстазым да, өмірлік жолдасым да болды. Жаны жайсаң, ешкімді жамандап көрмеген, шындықты ту еткен, өзгенің қуанышына шын жүректен қуана білетін керемет жан еді. Елі мен жерін ерекше сүйетін. Оның барлық еңбектері салт-дәстүрімізден, ұлттық болмысымыздан сыр шертеді. Осы ретте суретшінің мұрасын ұлықтап, осындай шараның өтуіне қолдау көрсеткен қала әкіміне және қала әкімдігіне ризашылығымды білдіремін, – деді Бибіайша Өтеп.

    Айта кетейік, Батырбек Өтептің шығармашылық ізденісі мен ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін көрсететін «Түркі дастаны», «Бозторғай», «Той», «Білектесу», «Отбасы», «Гүлденген Қазақстан», «Аманат», «Айтыс», «Атамекен», «Біржан – Сара», «Сазгерлер», «Дала әуені» сынды туындылары бар. Оның 30-дан астам еңбегі Қазақстан гобелен өнерінің алтын қорына енген. Әсіресе, түркі халықтарының ортақ тарихы мен тағдырын бейнелейтін «Түркі дастаны» туындысы көркемдік мазмұнымен ерекшеленеді. Суретшінің қазақ өнеріне сіңірген еңбегі ескеріліп, Шымкент қаласындағы көшеге және дарынды балаларға арналған «Өнер» мектебіне есімі берілген.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    ""Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы" КММ" жаңалықтары