Шымкент қаласының дендрологиялық саябағының ашық алаңында әйелдердің қоғамдағы рөліне арналған «Күзгі шабыт – Жаңа мүмкіндіктер» атты іс-шара өтті. Жиынды Абай ауданы әкімінің аппараты мен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия ұйымдастырды. Кездесудің мақсаты – әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, мемлекеттік көмек шаралары туралы ақпарат беру, сондай-ақ, отбасылық мәселелер мен азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша кеңес ұсыну.
Абай ауданы әкімдігі аппаратының әлеуметтік қолдау бөлімінің басшысы Меруерт Тұтқышбаеваның айтуынша, іс-шара әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау және отбасылық құндылықтарды дәріптеуді көздейді.
«Бүгінгі іс-шара аясында өз кәсібін бастағысы келетін немесе кәсібін дамытып жүрген әйелдерге арналған кеңес беру алаңдары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Отбасын қолдау орталықтары мен жұмыспен қамту саласының мамандарын шақырдық. Мемлекеттік қолдаудың, гранттық бағдарламалар мен оқыту курстарының көмегімен өз ісін ашқан әйел кәсіпкерлердің шағын жәрмеңкесі де өтіп жатыр. Көрмеге барлығы 30-ға жуық әйел кәсіпкер қатысуда. Сондай-ақ аудан тұрғындары мен қала қонақтары да келіп отыр», – деді Меруерт Тұтқышбаева.
Іс-шара аясында «Даму» қоры мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мамандары кәсіпкерлікті қаржыландыру және гранттық бағдарламаларға қатысу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кеңес береді.
Бұдан бөлек, Отбасын қолдау орталықтары мен емханалардың психологтары да қабылдау өткізді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кез келген әйел мамандарға жүгініп, жеке әрі құпия кеңес ала алады.
Мұндай кездесулерді алдағы уақытта ауданның түрлі елді мекендерінде тұрақты түрде өткізу жоспарланып отыр.
Қатысушылар үшін күзгі тақырыпта фотозона да жасақталған.
Іс-шараға Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері, кәсіпкерлер мен қала тұрғындары қатысты.









