Жапонияның Нагоя қаласында өткен Жазғы Азия Пара ойындары мәресіне жетті. Бұл сында шымкенттік спортшылар жүлдегер атанған болатын. Бүгін Шымкент халықаралық әуежайынан спортшылар Ибраһим Нұрмаханұлы мен Айсұлтан Күлкеевті салтанатты күтіп алу іс-шарасы өтті.
Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы сапында Шымкент қаласының спортшылары да ел намысын абыроймен қорғады. Жарыс қорытындысы бойынша жерлестеріміз екі жүлдеге қол жеткізді. Атап айтқанда, пара дзюдодан 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде J2 санатында Ибраһим Нұрмаханұлы алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан қоржынына бағалы жүлде салды. Ал, пара жүзуден командалық аралас 4×50 метрге еркін стильдегі эстафетада сынға түскен Айсұлтан Күлкеев күміс жүлдеге ие болды. Қазақстандық спортшылар бұл қашықтықты 2 минут 48,99 секундта жүзіп өтті.
Іс-шарада қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Жолдықараев жерлестерімізді айтулы жеңісімен құттықтап, алдағы жауапты додаларда сәттілік тіледі. Қазіргі таңда шаһарда паралимпиадалық спорт түрлерін дамытуға жағдай жасалып, спорт инфрақұрылымдарының құрылысы жүргізілуде.
Өз кезегінде жүлдегер спортшылар мұнымен тоқтамайтынын, келесі бәсекелерге дайындыққа кірісетіндерін атап өтті.
Айта кетсек, 18–24 қазан аралығында өткен дүбірлі додада Шымкент қаласынан пара дзюдо, пара садақ ату және пара жүзуден 8 спортшы қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсетті.








