Шымкент тұрғындарының баспана мәселелерін шешуге арналған тағы бір орталық жұмысын бастады. Республика күні қарсаңында бүгін Төлеметов көшесі, 42-үй мекенжайында орналасқан «Отбасы банкінің» жаңа консультациялық орталығы ашылды.
Жаңа кеңсенің басты мақсаты – азаматтарға жан-жақты ақпарат беру, банктік және мемлекеттік бағдарламалардың қолжетімділігін арттыру, халыққа кеңірек түсіндіру. Орталық ірі құрылыс компаниясы «Otau Group» аумағында орналасқан. Бұл клиенттерге қажетті қызметтердің барлығын «бір терезе» қағидаты бойынша алуға мүмкіндік береді.
«Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Дәурен Саудабаевтың айтуынша, енді көптеген рәсімдерді жаңа бөлімшеде тікелей жүзеге асыруға болады.
– Жаңа кеңседе қала тұрғындары тұрғын үй сатып алу және қолданыстағы барлық бағдарлама бойынша төлем қабілеттілігін бағалау туралы толық ақпарат алып қана қоймай, өтінім беріп, мақұлдау рәсімінен өтіп, қажетті құжаттардың толық топтамасын тапсыра алады. Банктің орталық филиалына тек соңғы кезеңде, яғни, несие алу үшін ғана жүгіну қажет болады, – деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар, филиал басшысы жаңа орталықтың орналасқан жерінің маңыздылығына және құрылыс компаниясымен тиімді ынтымақтастыққа тоқталды.
– Біздің 21-консультациялық орталығымыз Шымкент пен Түркістан облысының жылжымайтын мүлік нарығында көптен бері табысты әріптестік орнатып келе жатқан «Otau Group» компаниясының алаңында ашылды. Бүгінде бұл құрылыс компаниясының нысандары сату көлемі бойынша біздің портфелімізде бірінші орында тұр. Себебі, компания сапалы әрі қолжетімді тұрғын үй ұсынады. Оның ішінде толық әрленген пәтерлер де бар. Бұл жаңа пәтер иелеріне баспана сатып алғаннан кейін бірден қоныстануға мүмкіндік береді, – деді Дәурен Саудабаев.
Орталық мамандары шымкенттіктерге тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесінің барлық қыр-сырын түсінуге, ипотекалық несие алудың тиімді шарттарын таңдауға, сондай-ақ, әр отбасының нақты қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып, қолданыстағы мемлекеттік және банктік бағдарламаларды жан-жақты зерделеуге көмектеседі.
Айта кетейік, бұл – «Отбасы банкінің» 2026 жылы Шымкент қаласында ашқан оныншы консультациялық орталығы.









