Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен «Халық заңгері» акциясы өтті. Іс-шараның мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтарға тегін заңгерлік көмек көрсету. Акция барысында кез келген тұрғын білікті заңгерлерден өзіне қажетті құқықтық кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.
«Shymkent Plaza» сауда орталығында өткен кезекті іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың, аумақтық және құқық қорғау органдарының өкілдері, прокурорлар, тергеушілер, жеке сот орындаушылары, адвокаттар және өзге де заң саласының мамандары қатысты.
Акция барысында тұрғындар өздерін толғандырған өзекті мәселелер бойынша сауалдарына жауап алды. Атап айтқанда, тұрғындар жер телімін заңдастыру, тұрғын үй кезегі мен баспананы жекешелендіру, инженерлік инфрақұрылым, алаяқтардың құрығына түсіп қалу, тағы басқа мәселелерін жеткізді.
Әл-Фараби ауданы прокурорының орынбасары Сәбит Төлегеновтың айтуынша, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында мұндай акциялар әрбір тоқсанда бір рет өткізіледі. Кезекті акцияны адамдар көп жүретін сауда орталығында ұйымдастыру жоспарға алынған.
Бүгінгі іс-шарада қала тұрғындары мен қонақтарына тегін құқықтық кеңестер беріліп, мәселелердің заң аясында шешілу жолдары түсіндірілді.









