Қаладағы «Көрме» орталығында қалалық Ардагерлер кеңесінің «Ұлттық құндылықтар аясындағы рухани тәрбие – ұрпақтар сабақтастығының негізі» тақырыбындағы форум іс-шарасы өтуде. Ауқымды жиынға қалалық Ардагерлер кеңесінің пленум мүшелері, бастауыш және салалық ардагерлер ұйымдарының жетекшілері, зиялы қауым өкілдері, білім беру саласының мамандары, жастар қозғалысының белсенділері мен дін өкілдері қатысты.
Форумның басты мақсаты – ұлттық құндылықтар негізінде рухани тәрбиені нығайту, ұрпақтар сабақтастығын сақтау және жастар тәрбиесіндегі аға буынның рөлін арттыру.
Пленум жұмысына Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек пен Республикалық ардагерлер ұйымының төрағасы Әбілғазы Құсайынов та арнайы қатысты.
Қала әкімінің орынбасары мәдени кодты сақтау және жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беру – әр азаматтың мемлекеттік әрі азаматтық борышы екенін атап өтті.
«Біздің тәуелсіз де қуатты мемлекетіміз бар. Біз өз құндылықтарымызды келер ұрпақ пен ұрпағымыздың болашағы үшін сақтауға міндеттіміз», – деді Сәрсен Абайұлы.
Форум қатысушыларына Республикалық ардагерлер ұйымының төрағасы Әбдіғазы Құсайынов та құттықтау сөз арнады. Ол қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты сақтауда аға буынның маңызды тірек екенін айтты.
«Бүгінде елімізде 2,5 миллионға жуық ардагер бар. Бұл – біздің ең қымбат қазынамыз. Қазіргі басты міндетіміз – қоғамды топтастыру және халықтың бірлігін нығайту. Орталық кеңесте жұмысымыздың жеті негізгі бағытын жан-жақты пысықтадық. Соның ең маңыздысы – үлкенді құрметтеу. Ардагерлерге тиісті жағдай жасау және мемлекеттік мекемелерде, қоғамдық көліктер мен вокзалдарда басымдық берілуін қамтамасыз ету мақсатында тиісті ведомстволармен меморандум жасап жатырмыз», – деді ардагерлер ұйымының төрағасы.
Талқылау барысында спикерлер тарихқа құрметпен қарау, жастар арасындағы зиянды әдеттермен күресу және дәстүрлі отбасы институттарын нығайту мәселелерін көтерді.
Форум аясында «Шымкент: Ел есіндегі есімдер» және «Құндылықтар тұғырындағы тұлғатану тағлымдары» атты жаңа кітаптардың тұсаукесері, ерекше көзге түскен азаматтарды марапаттау рәсімі және қала тұрғындарына арналған ресми үндеу қабылдау жоспарланған.









