Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыскерлерді үстеме жұмысқа тартуға белгіленген талаптар мен шектеулер сақталған жағдайда жол беріледі.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 77-бабына сәйкес жұмыскер үшін белгіленген жұмыс уақытының ұзақтығынан тыс орындалатын жұмыс үстеме жұмыс деп танылады.
Жұмыскерді үстеме жұмысқа тартуға, әдетте, оның жазбаша келісімімен ғана жол беріледі. Мұндай келісімсіз үстеме жұмысқа тарту заңнамада көзделген ерекше жағдайларда, оның ішінде авариялардың алдын алу немесе олардың салдарын жою, тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету, шұғыл көмек көрсету және Кодексте белгіленген өзге де жағдайларда мүмкін болады.
Бұл ретте заңнамада үстеме жұмыстың ұзақтығына қатысты шектеулер көзделген.
Еңбек кодексінің 78-бабына сәйкес үстеме жұмыстар әрбір жұмыскер үшін тәулік ішінде екі сағаттан, ал ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда бір сағаттан аспауға тиіс.
Үстеме жұмыстардың жалпы ұзақтығы төрт күндік, бес күндік және алты күндік жұмыс аптасы кезінде айына 12 сағаттан, ал жұмыс уақытының жиынтық есебін жүргізу кезінде жылына 120 сағаттан аспауға тиіс. Кодексте көзделген ерекше жағдайларда аталған шектеулер қолданылмайды.
Сонымен қатар жұмыс берушіге жүктілігі туралы анықтаманы ұсынған жүкті әйелдер, 18 жасқа толмаған жұмыскерлер, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар үстеме жұмысқа жіберілмейді.
Үстеме жұмысқа ақы төлеу мәселелеріне ерекше назар аудару қажет.
Еңбек кодексінің 108-бабына сәйкес еңбекке уақыт бойынша ақы төлеу кезінде үстеме жұмысқа жұмыскердің күндізгі немесе сағаттық мөлшерлемесінің кемінде бір жарым еселенген мөлшерінде жоғарылатылған ақы төленеді.
Еңбекке кесімді ақы төлеу кезінде үстеме жұмыс үшін қосымша ақы жұмыскердің белгіленген күндізгі немесе сағаттық мөлшерлемесінің кемінде 50 пайызы мөлшерінде төленеді.
Тараптардың келісімі бойынша жоғарылатылған ақы төлеудің орнына үстеме жұмыстың бір сағаты үшін кемінде бір сағат тынығу уақытын беру есебімен тынығу сағаттарын ұсынуға жол беріледі.
Бұдан басқа, Еңбек кодексінің 79-бабына сәйкес жұмыс беруші жұмыскердің нақты жұмыс істеген уақытын есепке алуға, оның ішінде үстеме жұмыс сағаттарын бөлек есепке алуға міндетті.
Белгіленген талаптарды сақтау жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге, заңнама талаптарының бұзылуының алдын алуға және еңбекті ұйымдастыру үшін тиісті жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.
Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департаменті жұмыс берушілерге еңбек заңнамасының талаптарын сақтау қажеттігін, ал жұмыскерлерге нақты орындалған жұмыс үшін тиісті ақы алу құқығы бар екенін еске салады.







