Жылжымалы жұмыс кестесі: қолдану тәртібі

    Жылжымалы жұмыс кестесі аптаның әртүрлі күндерінде жұмыс күнінің ұзақтығын өзгерте отырып, жұмысты ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Мұндай режим жұмыс беруші қызметінің ерекшелігі ескеріле отырып қолданылады және Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 73-1-бабымен реттеледі.

    Жұмыс беруші еңбек тәртіптемесі қағидаларында жылжымалы жұмыс кестесін белгілеуге құқылы. Бұл ретте күнделікті жұмыстың ұзақтығы 11 сағаттан аспауға тиіс. Жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдану міндетті шарт болып табылады.

    Жылжымалы жұмыс кестесі кезіндегі есептік кезең бір тоқсаннан аспауға тиіс. Осы кезең шегінде жұмыскерлердің тиісті санаты үшін белгіленген күнделікті және (немесе) апта сайынғы жұмыс уақыты ұзақтығының нормасы орта есеппен сақталуға тиіс. Осылайша, жекелеген күндердегі жұмыс ұзақтығының ұлғаюы басқа күндердегі жұмыс ұзақтығын азайту немесе кестеге сәйкес демалыс күндерін беру арқылы теңестірілуге тиіс.

    Жұмыс күнінің (ауысымның) басталу, аяқталу уақыты немесе жалпы ұзақтығы еңбек тәртіптемесі қағидаларында, еңбек шартында не ауысымдық кестеде айқындалады. Жылжымалы жұмыс кестесі жұмыскердің жұмысқа келу және жұмыстан кету уақытын өз бетінше таңдауын көздемейді.

    Кестені жасау кезінде заңнамада белгіленген тынығу уақытына қойылатын талаптар сақталуға тиіс. Атап айтқанда, Еңбек кодексінің 83-бабына сәйкес жұмыстың аяқталуы мен келесі жұмыс күнінің (ауысымның) басталуы арасындағы тынығу ұзақтығы кемінде 12 сағат болуға тиіс.

    Жылжымалы жұмыс кестесін қолдану өндірістік жүктемені ескеруге, жұмыс және демалыс күндерін алдын ала бөлуге мүмкіндік береді. Бұл ретте мұндай режим жұмыскерлердің еңбек кепілдіктерін және жұмыс берушінің белгіленген жұмыс уақыты нормасын сақтау міндетін жоймайды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті" жаңалықтары